2023 жылдың 1 қыркүйегінде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-жапсарын білу мақсатында кезекті мониторинг жұмыстарын жүргізді. Тарих және мәдениет ескерткіштердің қатарында: Әбдіқадыр мешіті, Әулие ата (Жүнісбай) мешіті, Қали Жүніс моншасы, Жамбыл Жабаев ескерткіші, Тектұрмас кесенесі, Талас өзенінен өтетін ортағасырлық көпірдің қирандылары және Жікіл қалашығы бар.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «Тарих тағылымы – қасиетті құндылық» тақырыбындағы танымдық бағдарлама аясында Тамыз конференциясының Алматы, Шымкент, Қостанай қалаларынан келген мамандарына Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан, 62 түрлі ою-өрнекпен көмкерілген Айша бибі кесенесінде дәріс өткізді. Сонымен қатар, дәріс барысында Айша бибі кесенесінің жанынан бой көтерген, он алты қырлы күмбезді ескерткіш, еліміздегі бірегей тарихи қазынаның бірі – Бабаджа хатун кесенесінің де тарихына тоқталды. Қонақтар өз қызығушылықтарын білдіріп, әр-түрлі сұрақтар қойды.
Бүгін Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен арнайы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына жергілікті жауапты сала мамандарының басын қосып, кеңесті. Аталмыш жиналыста біршама шешімін табуы тиіс өзекті мәселелер көтеріліп, ойға алынды. Өңіріміз талай ғасырлық тарихымен, тарихы тереңде жатқан орындарымен әйгілі. Оның ішінде, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер болса, облыстық маңызы бар ескерткіштер де жетерлік. Оларды қорғап, сақтап қалу бағытында түйінді мәселелер бар екендігі ерекше айтылды.