«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «JAMBYL TV» телеарнасының «RAUAN» атты таңғы бағдарламасына тікелей эфирде сұхбат берді. Бүгінгі тікелей эфир «Тылсымға толы дүние» тақырыбында өтті. Сұхбат барысында қызметкерлер Жамбыл облысындағы тылсым жерлер жайында айтып кетті.
Сонымен қатар, музей қорындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған, тарих тұңғиығынан сыр шерткен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихын таныстырды. Атап айтсақ, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, тиындар жиынтығы және сиясауыт көпшілік назарына ұсынылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Жас өлкетанушы» танымдық бағдарламасы бастау алды. Іс-шара аясында Антон Макаренко атындағы № 6 орта мектебінің оқушыларына тұла бойы тарихқа толы Тараз қаласының орталығында орналасқан киелі де сәулетті ескерткіштердің бірі – Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар, оқушылар кесененің қосымша худжра бөлмелерінде қазба жұмыстары барысында ежелгі Тараз қалашығынан табылған жәдігерлерден құралған экзпозицияны тамашалады. Атап айтсақ: Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сынапкөзелер, шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар.
Содан соң рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық қала орнын таныстырып, қалашық тарихына саяхат жасалды. Оқушыларға викториналық сұрақтар қойылып, сый-сыяпаттар берілді.
Үйірме барысында оқушылар тарихи-мәдени мұраларымызбен, ежелгі қаланың архитектуралық құрылысымен, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар, ірі мәдениет ошақтарының бірі болған Тараз шаһарының тарихымен танысты. Танымдық бағдарламаны ұйымдастыруда көзделген басты мақсат – оқушылардың танымын жетілдіре отырып, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын бағалай білуді және құрметтеуді үйрету.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен өткзілген 5 күндік танымдық бағдарлама өз мәресіне жетті. Аталмыш бағдарламаның соңғы күнінде музейдің жәдігерлерді қалпына келтіруші қызметкері Бауыржан Тазан балаларға экспонаттарды қайта қалпына келтіру үшін қандай әдістерді қолдану керек екендігі жайлы, сондай-ақ артефактілерді сақтау бойынша қандай жұмыстар жүргізілетіндігі, музей қорлары қалай толықтырылатындығы жайлы ақпаратпен бөлісті.
Үйірме аясында оқушыларға мекемеге қарасты «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құнды әрі бірегей жәдігерлер ұсынылды. Балалардың алдына қойылған жәдігерлердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей қызметкерлері таныстырды. Музей экспонаттарының тарихымен танысқан оқушылар кейіннен өздері қалаған жәдігердің суретін салды. Үйірме соңында оқушыларды алғыс хаттармен марапаттап, сый-сыяпаттар таратылды. Оқушылар танымдық бағдарламаны ұйымдастырушы қызметкерлерге алғыстарын білдіріп, үйірме кезінде өздерінің үлкен қызығушылықтарын танытып, алған әсерлерін таңданыспен жеткізді.
Танымдық бағдарламаны ұйымдастыруда көзделген басты мақсат өскелең ұрпақты тарих, археология, мәдениет салаларына тартып, еліміздің тарихы мен мәдениетін терең танып білуіне жол ашып, болашақта олардың ел тарихын зерттейтін маман болып қалыптасуына әсер ету болып табылады.
 
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» археологиялық саябағында қалалық И. Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушыларына «Өлкенің жас археологы» атты 5 күндік танымдық бағдарлама басталды. Танымдық іс-шара аясында оқушыларға музей қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар, ірі мәдениет ошақтарының бірі – көне Тараз шаһарының тарихына тоқталып, танымдық дәріс оқыды.
Музей экскурсоводы Фариза Нұрқожақызы 2011–2017 жылдар аралығында «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық қала орнын оқушыларға көрсетіп, экскурсия жүргізіліп, қалашық тарихына саяхат жасалды. Үйірме аясында оқушыларға квэст ойындары ойнатылып, оқушылар өзін археолог сезініп, музей қызметкерлері жасырған жәдігерлерді тауып, қуаныштарында шек болмады.
Үйірме оқушылардың танымын жетілдіре отырып, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын бағалай білуді және құрметтеуді үйретеді. Көзделген басты мақсат өскелең ұрпақты тарих, археология, мәдениет салаларына тартып, еліміздің тарихы мен мәдениетін терең танып білуіне жол ашып, болашақта олардың ел тарихын зерттейтін маман болып қалыптасуына әсер ету болып табылады.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Байзақ ауданы Қостөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға қатысты. Іс-шара аясында қызметкерлер жылжымалы көрме ұйымдастырды.
Археологиялық жәдігерлерден жасақталған көрмеде күнделікті тұрмыста қолданылатын ыдыстар, IX-XIII ғасырға жататын қыш құмыралар, қола, қыш шырағдандар және т.б музей экспонаттары балалардың назарына ұсынылды. Артефактілерді көрген қонақтар музей-қорық қызметкерлерінен қызықтырған сұрақтарына мазмұнды жауаптар ала алды. Сонымен қатар, іс-шара соңында музей қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балаларға жарқын болашақ пен зор денсаулық тілеп, кәсіпорын атынан кішігірім сыйлықтарды үйлестірді.