Мерке ауылының батыс шеті, Ташкент –Алматы тасжолының солтүстігіне қарай орналасқан. Алғашқы тарихи атын сақтаған ежелгі қалашықтың бірі. Ол ІХ-Х ғ.ғ. Кудама Ибн Хордадбектің қолжазбаларында аталады. Ол, оны, үлкен елді мекен деп атаған. Қалаға неғұрлым тыңғылықты сипаттама берген Ал-Максиди: «Мирки-орташа аумақты, бекемделген ішкі қамалы бар қала. Соборлы мешіті, ертеде шіркеуі болған» деп жазады. Меркінің орталықтағы қираған орны ш.б. желісі бойынша созылған дөңес тәрізді төртбұрыш. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде ішкі қамалдың қалдықтары, көтеріңкі көрінеді. Ол ішкі қаладан қазіргі кезде кеміріліп, шымға айналған биіктігі 1,5 – 2 м. қорған дуалмен бөлінген. Қабырғаның бұрыштары дөңгелек мұнаралармен күшейтілген, ішкі қалаға кіре берісті 2 мұнара қорғап тұр. Ішкі қала - биіктігі 3м. кемірілген қабырғамен қоршалған қиғаш төртбұрыш дөңеске ұқсас орын. Қалашықтың батыс жағындағы табиғи қорғаны, оң жағалауында биік жарқабағы мен балшықты жайылмасы бар Көлтоған өзені болған.
Бедерлі өрнегі бар қарапайым жасалған қыш қақпақтардың шыршалы суретпен безендірілген оқпан тәрізді шамдал сирақтары сынықтарының табылуы Миркінің пайда болу мерзімін VІІ - VІІІ ғ.ғ. жатқызуға мүмкіндік береді.
Қалашық ХІІІғ. Моңғолдармен соғыста қиратылды. Ал, ХІХ ғасырда, Қоқандықтар тұсында қала қайтадан тұрғызылды.
Қазіргі кезде ол жерде Меркі ауданының орталығы орналасқан.
Түймекент қалашығы Байзақ ауданы, Түймекент ауылының оңтүстік-шығыс шетінде, Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Қалашық 1894 ж. В.В.Бартольдпен қаралған, ал 1936-1938 жж. А.Н.Бернштамның жетекшілігімен Жетісу археологиялық экспедициясымен зерттелді. 1986 ж. қалашықта К.М.Байпаковтың жетекшілігімен тарихи және мәдени ескерткіштер Жиынтығы археологиялық экспедициясының отряды жұмыс істеді. Жұмыс барысында қалашықтың жоспары түсіріліп, көптеген материалдар жинақталды, қалашық территориясы арқылы өтетін жолдарымен байланысты бұзылулардың іздері белгіленді. Өзен жайылмасына қалашықтың оңтүстік-батыс бөлігі құлаған. 2000 ж. К.М.Байпаковтың жетекшілігімен зерттелген.
Тікбұрышты үлгідегі (250х310м), бұрыштарынан жарыққа қарай бағытталған қала-шық барлық жағынан бұрыштары мен периметрлері бойынша мұнаралы биік білік-термен қоршалған. Қырларының әрбірінде 7 мұнарадан болған. Біліктің биік-тігі 4-6 м, мұнараларының биіктігі 4,5-7 м. Қалашық территориясына кіре беріс солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс қабырғаларыда орналасқан. Қалашықтың ортасына таман сопақ биік адыр – ішкі бекіністің қалдықтары орналасқан. Адырға оңтүстік жағынан қыры 40 м, ерітілген білікпен қоршалған аула жанасады. Ішкі бекіністен солтүстікке қарай жазық адырланулардың тобы кездеседі. Жол жүргізілген оңтүстік-шығыс қабырға қалдықтарын тазарту барысы оның шикі кірпіш пен пахса қатпаларынан тұрғызылғандығын көрсетті. Қабырғалардың ені 7-8 м, сақталып қалған биіктігі 3 м. Қалашықтың үстінгі қабатынан жинақталған қыш, сондай-ақ суармалы (сырланған) қыш қалдықтары VІ-ХІІ ғ.ғ. кезеңдерге жатады.
Тәңірқазған тұрағы Жамбыл облысы Талас ауданы Қызылəуіт ауылынан 13,4 км оңтүстік-шығыста, Тəңірқазған даласында орналасқан.
Палеолит тұрпатындағы тас бұйымдарды 1968 ж. археолог Х.А.Алпысбаев алевролиттерден, құмайттардан түзілген жазық үстірттерден тапқан. 2000 жылы тұрақты Ə.Х.Марғұлан атындағы ҚР ҒА Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы академик К.М.Байпақовтың жетекшілігімен қайта зерттеген. Зерттеу нәтижесінде тұрақтың ауданы 1 шар. км кем емес екендігі анықталды. Тас бұйымдардың көбірек топталған аймақтарына стратиграфиялық шурфтар салынған. Артефакттардың басым бөлігі сұр саздақтың қалың емес үстіңгі қабаттарынан табылған. Бөріқазғандағыдай Тəңірқазған тұрағын мекендеушілер шикізат материалы ретінде карбонат ярусындағы қара жəне қара-сұр кремний қолданған.
Тəңірқазғанның тас бұйымдары мынадай топтарға бөлінеді: 1) екі жақты өңделген добал шапқыш құрал ; 2) табақша пішіндер ; 3) қол шапқыш тектес құрал; 4) унифастар; 5) жаңқадан жасалған бұйымдар; 6) нуклеустер; 7) екінші рет өңделмеген жаңқалар.
Бұл тас бұйымдардың Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштерінің арасында, олдувай мəдениеті құралдарының арасында типтік ұқсастықтары бар. Коллекциялар Алматы қаласында, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология Институтында Археология музейінде сақтаулы.
Тараз қаласының тарихи бөлігі, яғни цитаделі қазіргі орталық базардың астында жатыр. Мұнда қаланы билеушілердің резиденциясы орналасқан. Цитадельге жапсарлас қабырғамен қоршалған қаланың «шахристан» деп аталатын бөлігінде зиялы қауымның, бай саудагерлердің, қолөнершілердің үйлері және шығыс базары мен мешіт, ал шахристан қабырғаларына жапсарлас қолөнершілердің шеберханалары, үйлері-рабад орналасты.
Ежелгі Тараз қаласының аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде қыштан жасалған су құбырлары, қоғамдық моншалар, мыс-қола теңгелер құятын орын, тас төселген көшелер және басқа да құрылыстар табылды. Қаланы қоршаған қабырғаның қалыңдығы 1,25 м, ал биіктігі 9-10 м болған.
Қазіргі уақытта Шахристанның шығыс қабырғасының іздері сақталған.(Мирзоян көшесі жағында)
Х ғасырдың ортасында Тараз қаласы да құрамында болған сол дәуірдегі ірі мемлекеттердің бірі - Қараханидтер империясы құрылды. Ол ХІІ ғасырдың соңына дейін өмір сүрді. Тараз қаласының гүлденуі Қараханидтер мемлекеті кезеңімен тұспа-тұс келеді. Сәулет өнерінің дамуына жақсы жағдайлар туындайды. Сол кездегі мәдениеттің жоғары деңгейде болғанына орталық базар аумағынан табылған Х-ХІІ ғ.ғ. мерзімделетін екі монша куә. Моншаның бірінде 1938 жылы А.Н.Бернштам қазба жұмыстарын жүргізген. Сақталып қалған фундаменттің қалдықтары, қабырға өрнектерінің бөліктері моншаның жобасы мен сәндеу тәсілдерін анықтауға мүмкіндік берді, ол ерлер мен әйелдерге арналған екі бөлімнен тұратын күмбезді құрылыс болып шықты. Қазақстанның сәулет өнері тарихында моншаның бөлмелерін әсемдеп безендіру сирек кездесетін құбылыс. Жабық базарды салу кезінде осыған ұқсас тағы бір монша табылды. Монша төрт бөлмелі. Кейбір жерлерінде қыш орындықтар, астау мен ваннаның қалдықтары сақталған. Өкінішке орай екі монша қазіргі кезде тек қана археологиялық ескерткіш ретінде саналады. Келешекте ол моншаларды зерттеп, қайта қалпына келтіру үшін мемлекет өзінің қорғауына алған.
Талас өзеніне салынған тас көпірдің құрылысын да зерттеуші ғалымдарымыз осы дәуірге жатқызады. Бұл «Ұлы Жібек жолындағы» керуендер, саудагерлер, саяхатшылар және Тараз қаласының тұрғындары пайдалынатын көпір болатын. Ал, қазір ол көпір қалдықтарынан тас-плитаның аздаған нұсқалары ғана көрінеді. Көпір туралы алғаш рет Х ғасырда араб саяхатшысы аль-Макдиси, ХІІ ғасырда Лаос монахы Чань-Чунь жазды.
«Көне Тараз» музейі мен археологиялық саябақтың құрылуы
Қазіргі заманғы қаланың орталық бөлігінде ежелгі Тараз қаласының үйіндісі сақталған. Алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары ХХ ғ. 30-шы жылдары басталған және сол кезде ғалымдар археологиялық саябақ құру туралы мәселені қарастырған болатын. Бірақ бұл жоспар 70 жыл өткен соң іске асырылды, 2011 жылы Тараз қалашығының шахристан аумағында ауқымды археологиялық қазба жұмыстар басталып, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенін құру, кешен аумағында «Көне Тараз» музейі мен ашық аспан астындағы археологиялық саябақты құру жоспарланды. «Көне Тараз» музейі 2015 жылдың қазан айының 8 жұлдызында «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы қарсаңында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.
Тараз қалашығының жалпы көлемі (10 га) қамтиды, археологиялық паркінің аумағында жос-парлы түрде археологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні осы аумақта Тараз қаласының орталық бөлігіндегі ортағасырлық Қарахан дәуіріне X-XII ғғ. жататын қала құрылысы табылды. Қала ортасындағы магистральді көше, қоғамдық және тұрғын үй қалалық құрылыстар: монша-хамам, екі керуен-сарай, тұрғын және сауда ғимараттары, су жүйесі және т. б. нысандар анықталып отыр. 2011-2016 жж. археологиялық қазбалардың үстінен атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын шатырлар құрылды. Археологиялық саябақ аумағында ортағасырлық археологиялық құрылымдардың үстінен экскурсиялық жаяу жүретін көпірлер орналастырылған. Осылайша, Тараз қалашығының орталық бөлігінде «ашық аспан астындағы» музейін құру жөнінде ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жасалып жатыр.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кеше-нінің аумағында «Көне Тараз» музейі, «Тараз саздары» стелласы, шолу мұнарасы, «Мыңбұлақ» сквері және «Достық үйі» орналасқан. «Достық Үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассам-блеясының облыстық этно орталықтары орналасқан, мұнда қалалық және облыстық басты мәдени іс-шаралар өтеді.
Тараз қалашығының археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде алынған материалдар «Көне Тараз» музейінің экспозициясын құрайды. Табылған археологиялық олжалар Ежелгі Тараз қаласының – Ұлы Жібек жолында X-XII ғғ. өркендеу кезеңімен ерекшелінетін бірегей археологиялық коллекцияларды құрайды. Археологиялық қазбалар жұмыстары көрсеткендей, Тараз қаласында қолөнершілер өмір сүрген, олар қыштан, металдан, шыныдан, сүйектен тамаша бұйымдар жасаған; әр түрлі елдерден келген сауда көпестері қалаға керемет тауарлар алып келген. Тараз билеушілерінің атынан теңге сарайы жұмыс жасап, тиындар шығарылған; өлке мәдениетіне үлес қосқан ғалымдар мен шеберлер саяхаттаған. Әрбір археологиялық жәдігер көне заманда шеберлердің еңбегімен жасалған, олар осы заттарды игерудің ерекше «тілін» жақсы түсінген. Бүгінгі археологиялық ізденістер өткен ғасырлардың бізге құпиясын ашады,ежелгі Тараз қаласының ғылым, қолөнер және мәдениет деңгейінің дамуын көрсетеді.
Оххум қалашығы Байзақ ауданы, Сәмбет-Бостандық жолынан шығыс-батысқа қарай 300 м. орналасқан.
Алғаш рет қалашық 1894 жылы В.В.Бартольдпен, 1936-1938 жж. мен КСРО ҒА Қазақстандық филиалымен А.Н. Бернштамның жетекшілігімен Жетісу археологиялық экспедициясымен зерттелген. 1983 жылы КазМУ-дың археологиялық тряды М.Е. Елеуовтың жетекшілігімен қалашықтың сұлбалы жоспары түсірілген, екінші және үшінші біліктің кесінділері жүргізілген, көтеретін қыш материал жинақталған. 1986 жылы және 2000 ж. К.М.Байпаковтың жетекшілігімен археологиялық экспедициясы тобымен зерттелген.
Бірлесіп зерттелген көзбен шолулар нәтижесінде аэрофотосуреттер ескерткіштің мынадай сипаттарын анықтады. Топографиялық жағынан күрделі, екі қатарлы қабырғалармен қоршалған ғимарат. Төртбұрыш үлгідегі алаңның бекініс қабырғалары дөңестеле келе төрт құбылаға бағытталған. Мұнаралар қабырғалардың бұрыштарына периметр бойынша орналасқан. Мұнара-лардың жалпы саны 18. Қақпалар батыс және шығыс қабырғалардың ортасында орналасқан. Қалашық ішінің үстіңгі қабаты шығыс пен батыс қақпаларды біріктіретін магистральді көшелер мен олардан тарайтын шағын көшелерден тұратын ңығыз құрылыстар беретін адырланулармен сипатталады.
Қалашықтың аэрофотосуреттері көрсеткендей білікке ауылшаруашылық аймақтарының қабырғаларымен қоршалған телімдер жанасқан. Бұл тұрғын үй құрылыстарымен қатар жеке жер иеленушілікке ұқсас, ішкі жағынан анағұрлым ұсақталып, бөлінген әр түрлі пішіндегі тікбұрышты телімдер.
Талас өзенінің сол жағасы – Қарабахр өзен суын қолданған Оххум маңында ежелгі жер суландырудың қалдықтары байқалады. Одан ұзындығы 2,5-6 км-ге дейінгі магистральді каналдар тартылған. Каналдардың бірінің бұлағын қамал қорғап тұрған. Қазір бұл диаметрі 20 м және биіктігі 6 м дөңес.
Қалашықтың үстіңгі қабатынан, қабырғалардың ысырандыларынан, каналдардың жиектерінен жинақталған қыш VІ-ХІІ ғ.ғ. кезеңдерге жатады.