Шоқай Датқа кесенесі Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының шығыс жақ шетінде ортағасырлық ескі зияратында орналасқан. Кесене Шу-Талас аймағындағы қалыптасқан монументалды қабірлеу құрылыстарына қатысты құрылыс.
Кесенені алғаш 1946 жылы археолог Г.И.Пацевич зерттеді. Кейін 1970-1980 жж. ҚазКСР Мәдениет Министрлігі және «Қазжобақайтаөңдеу» институтының мамандарымен зерттелді. 2000 жылы Тарихи және мәдени ескерткіштері жинағының экспедиция мамандары зерттеді. 2014 жылы «Археологиялық экспедиция» экспедициясының мамандарымен зерттелген.
Шоқай Датқаның өмірі мен қызметі қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеліп, жарық көре бастады. Шоқай Датқа белгілі тарихи тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер.Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайға Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі – «Датқа» атағын берген.
Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай Датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Ол орыс халқымен экономикалық және әскери бірлікті жақтаған прогрессивті қайраткер болды. Оңтүстік қазақтарын Ресейге бірігуді жүзеге асырған тұлға да Шоқай Датқа. Бұл жөнінде нақты тарихи дерек бар. Полковник М.Г. Черняевтің өзінің басшылығына жолдаған хатында Қоқан хандығына да ықпалы зор, қазақтар арасында да зор беделге ие Шоқай Датқа Қарабекұлымен осындай келісім болғандығын жазады. Шоқай Датқаның орыстармен ынтымаққа баруын қатыгез Қоқан ханы кешірмейді. Кейбір деректер бойынша, Шоқай Датқа кезекті бір сапардан оралғанда қоқандықтардың үзеңгісіне у жаққанынан қайтыс болады.
Бірінші қалпына келтіру жұмыстары 1990 жылы жүргізілген болатын. Кесененің біртіндеп қираған қабырғалардың аяқталмай қалған жерлері қайта қалпына келтірілді. Кесене ірі, күйдірілген кірпішті бір камералы бетше босағалы – күмбезді көлемде, оңтүстік кіре беріс және оңтүстік батысқа қарай негізделініп салынған. Басты қасбеті терең емес П-тәріздес жақтаулармен жиектелген және бұрыштық мұнаралармен қосақтасып қапсырланған терең емес садақты қуыспен бөлінген. Қуыстың қасбет маңдайлық ернеу қабырғаларына биік арқалықты маңдайшалы есік ойығы, доға астының жоғарғы бөлігінде – кішкене терезелер орнатылған. Кесененің күмбезі дөңгелек барабанда көтеріліп, сыртынан көк, ақ, қызыл құймалармен зер тасталған.
Соңғы қайта қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы жүргізілді. Кесенені «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мамандарының күшімен толықтай қалпына келтірілді.
ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында Тектұрмас кесенесі салынған және бұл діни орындардың бірі болған. Осы төбенің басында зорастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған.
ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы атеистердің дінге қарсы саясаты кезінде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер толықтай немесе жартылай қирады. Тектұрмас кесенесінің тек фотосуреті ғана сақталып қалған. (ХІХ ғ. 80 жылдар). Кесене формасы қарапайым. Аталған мекенге 2001 жылы археолог А.Итенов археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 2002 жылы кесененің алғашқы орнында жаңадан кесене тұрғызылды. Кесене жергілікті халыққа Тектұрмас атымен белгілі Сұлтан-Махмудхан жерленген орын ретінде белгілі. Ал Тектұрмас сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді білдіреді.
Сол дәуірдегі ескерткіштерден бізге дейін жеткен тағы бір жәдігер - Дәуітбек кесенесі. Оның толық аты-жөні - Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек-Шамансұр
Кесене алғашында күмбезі жартылай иілген аркаға бекітілген төрттаған түрінде болған. Аркалар плиталардан қаланған тұғырға орналасты. ХІХ ғ. соңында аркалы кіре берісі мен қабырғалары кірпішпен қайта өрілгендіктен кесене қазіргі қалпына енді. Оңтүстік бұрыштарының жоғарғы жағы минарет тәріздес етіп жасалған. Қабіртастағы жазуды А.Б.Бартольд танып оқыған. Онда: 1262 ж. 31 наурызда қайтыс болған түркілік қолбасшы, «қалам мен қылыштың иесі, жаны таза момындардың жанашыр қорғаушысы» жерленген деген жазулар бар.
Тараз қаласының орталығында орналасқан (Төле би мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысы), ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге кіреді. Кесене Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасының бірі – Шах Махмуд Қараханға арналып салынған. Кесенені салушы шебердің аты-жөні тарихта сақталмаған. Кесененің алғашқы нұсқасы біздің заманымызға жетпеді. 1906 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен алғашқы кесененің орнына қайта салынған, алайда оның сәндік өрнектері жойылған. Кесененің алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығын тек 1902 жылы түсірілген фотосуреттен ғана көре аламыз. Суретте кесене шаршы формалы. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектер бар. 1961 жылғы қазба жұмыстары кесенені сәндеу үшін 30-ға жуық түрлі терракоттар пайдаланылғанын анықтады. Кіре беріс иіні сүйірлене қаланып колоннаға тірелген. 1836-1936 жылдар аралығында қаламыз Қараханның құрметіне Әулиеата деп аталды.
Қазір бұл жер бесік орналасқан орталық залы, үш бұрышында үш худжра бөлмелері бар порталды-күмбезді құрылыс. Қарахан кесенесінің қабырғалары патшалық кезеңінің кірпіштерімен өрілген. Күмбезі мен аркалық ойықтары ғана ХІ ғасырдағы кірпіш-плиткалармен салынған. Кіре беріс маңдайшасында: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі»- деген Құран сөздері өрнектелген. Соңғы қайта жаңғырту жұмыстарын Тараз қаласының 2000 жылдық мерекесіне орай 2002 жылы Республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесі жүргізді.
Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан.
Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны - Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі... Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған.
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы - Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.