Музей қоры
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қоры
«Көне Тараз» археологиялық саябағы құрылғаннан бастап, 2015 жылы музей қорын толықтыру жұмыстары жүргізіле бастады. 2011-2017 жж. аралығында Тараз қалашығында археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бірнеше мәдени қабаттар зерттелді. Қорық-музейдің археологиялық коллекциясы металдан, тастан, сүйектен, шыныдан жасалған бірегей артефактілерден тұрады, сонымен қатар, көп мөлшерде керамикалық бұйымдар коллекциясы жинақталған.Қолөнер шеберлері көне асханалық ыдыстарын, өрнектелген кірпіштер мен мүсіндерді, су құбырларын саздан күйдіріліп жасаған. Зергерлік бұйымдар мен белдік жапсырмалар, ортағасырлық монеталар коллекциясы тау-кен ісі мен металл өңдеу, тауар-ақша қатынастарының дамуына ықпал етті. Бұл артефактілер ежелгі Таразда қолөнершілердің өмір сүруінің, көпестердің әртүрлі тауарлармен сауда жасауының дәлелі болып табылады. Тараз билеушілерінің атынан соғылған теңгелер шығаратын сарайлар жұмыс істеді, қолөнер мен ғылымның дамуы – қала мәдениетінің өсуіне ықпал етті. Қорық-музей қорындағы археологиялық коллекцияның көбісі Ұлы Жібек жолының бойындағы Ежелгі Тараздың (Х-ХІІ ғғ.) өркендеуіне ықпалын тигізді.Табылған жәлігерлер Ежелгі Тараздың ғылымы мен қолөнерінің, мәдениетінің даму деңгейін айғақтайды.
2020 жылдың басында тарихи-мәдени қорық-музей қорында 4104 сақтау бірлігі көне жәдігер мемлекеттік тіркеуге алынған, оның 4016 с.б. негізгі қор, 88 с.б. ғылыми-қосалқы қор есебінде. Жәдігерлеріміз екі ғылыми классификацияланған топқа бөлінеді: археологиялық – 2230 с.б., нумизматикалық – 1874 с.б.
Музей қорларын есепке алу – қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Бүгінгі күнде қор қызметкерлері қор құжаттарын толтырумен қатар, есепке алу жұмыстарын жүргізеді. Тарихи-мәдени мұраларды халыққа насихаттау мақсатында Ә. Х. Марғұлан атындағы институтының археологтарымен бірге артефактілерге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.Қорық-музейдің қызметкерлері музей жәдігерлерін қолдана отырып, мерзімді тақырыптық көрмелерді, видеоэкскурсиялар мен видеолекцияларды ауқымды өткізіп тұрады.
Қорыта айтқанда, қорық-музейдің қор қызметкерлерінің негізгі міндеттері - қорды сақтау және есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету, музей қорларын үздіксіз толықтыру болып табылады, және ғылыми құжаттау мен зерттеуге тікелей бағытталған.