Біз туралы
Тараз - 2000 жылдан астам тарихы бар қала, әлемдік өркениет қазынасына енген Ұлы мәдениеттердің мұрагері. Біздің өлкеміздің ежелгі жері оның аумағында өмір сүрген халықтардың мәдени құндылықтарының алуан түрлілігін бойына сіңірген. Шу-Талас өзендері аралығы қазақ этногенезінің даму орталығымен қатар Қазақ хандығы құрылған жер болып табылады. Ежелгі заманда Қазақстан даласымен Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолы өтіп, керуен жолдарының бағыттарында мәдениеттер диалогы, материалдық және рухани құндылықтармен алмасу процесі жүрді. Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің мұрасы – қазіргі уақыттағы көптеген ескерткіштері болып табылады.
ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 24 наурыздағы №256 қаулысымен ұйымдастырылған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік қорық-музейі тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды зерттеумен, қорғаумен және насихаттаумен айналысады. "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейінің қарамағында тас ғасырынан бастап бүгінгі күнге дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдерде тұрғызылған, қала ішінде де, Жамбыл облысының аумағында да орналасқан Республикалық маңызы бар 30 ескерткіш бар.
Жамбыл облысының аумағында орналасқан ортағасырлық бес ірі қала - Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас сарай кешені 2014 жылы "Ұлы Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізі" маршруттар желісінің ескерткіштері ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізілді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында Жерорта теңізі мен Қиыр Шығыс өркениетін біріктірген Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасына назар аударады. 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды нысандардың Бүкіләлемдік тізімін толықтырды.
"Ежелгі Тараз ескерткіштері" мемлекеттік қорық-музейі ғылыми-зерттеу қызметімен айналысады. 2011 жылдан бастап Тараз қалашығының аумағында археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, нәтижесінде ашық аспан астындағы музей – «Ежелгі Тараз қалашығының» археологиялық паркі құрылады. Қорық-музейдің қорында өңірде қолөнер мен тауар-ақша қатынастарының даму деңгейін айқындайтын қыштан, металдан, шыныдан жасалған бірегей артефактілер жинақталған.
2015 жылы ICOM Халықаралық музейлер кеңесі "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейіне "Жыл музейі" атағын берді.
Құрметті оқырман, Сіздерді ежелгі археология ескерткіштерімен, Айша бибі мен Бабаджа хатун, Қарахан мен Дәуітбек кесенелерін, сондай-ақ кейінгі бірегей ескерткіштерді – Әбдіқадыр, Абдулла Ишан, Наметбай, Қарақожа мешіттерін, Шоқай датқа кесенесін жасаған ортағасырлық сәулетшілердің сәулет жауһарларымен танысуға шақырамыз. Олар жөндеуден өткізіліп, аумағы келушілерге арнайы аббаттандырылған.
Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасының алуан түрлілігі мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі қалаушы белгісі болып табылады. Біз оны зерттейміз, қалпына келтіреміз және ұрпақтар үшін мұқият сақтаймыз, оны Қазақстан тұрғындары мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер үшін қол жетімді етеміз.