«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Жамбыл облысының тіккен шаңырағына Башқұртстан мемлекетінің арнайы делегациясы, Башқұртстан спорт министрі Руслан Хабибов, сондай-ақ Якутия мемлекетінің спорт және туризм министрі Леонид Спиридонов келіп, Тараз қаласының құнды әрі бірегей жәдігерлерімен танысты. Экскурсия жүргізген «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкері – Ақнұр Сағитжан.

 

 

2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін көрсететін бірегей халықаралық спорттық іс-шара өтуде. Бұл шара этноспорт пен этномәдени қозғалыстың дамуына ықпал етіп, оларды адамзат өркениетінің маңызды бөлігі ретінде атап өтеді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына орай, этноауылда Жамбыл облысының жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе отырып, ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Тараз қаласынан құнды әрі бірегей жәдігерлерден көрме жасақтады. Көрмеге XVIII-XIX ғасырлардағы қолөнер және зергерлік өнер ұсталарының қолынан шыққан, сол ғасырлардың куәсі болған, тарихы бай, ата-бабаларымыздан қалған түпнұсқа мұралар ұлттық нақыштағы ағаштан, теріден жасалынған тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, тоқыма бұйымдары, әскери өнерде, сондай-ақ саятшылықта пайдаланылатын қару-жарақ түрлері, аңшылық құралдары, қазақ ұсталары мен зергерлері дайындаған күмістен жасалған зергерлік бұйымдары және т.б. музей қорындағы құнды әрі бірегей этнографиялық жәдігерлер қойылды.
Сонымен қатар, іс-шараға «Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев қатысып, Жамбыл облысының спортшыларына ыстық лебізін білдіріп, айтулы аламанда топ жаруларына сәттілік тіледі. Байрақты бәсекеге ұлттық құрама сапында 8 спорт түрінен Жамбыл облысының 17 спортшысы бақ сынамақ.
Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық және мәдени іс-шаралары 5 негізгі нысанда – «Астана Арена» стадионында, «Қазанат» ипподромында, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз сарайында және «Думан» қонақ үй кешенінде өтеді. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алса, этноауыл кешені күніне 30 мыңға дейін келушіні қабылдай алады. Шараға 100-ге жуық елден 2500-ге жуық спортшы қатысады және 100 мыңнан астам жергілікті және шетелдік туристер қатысады деп күтілуде.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің қызметкерлері М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1 курс білімгерлеріне «Музей – өткеннің қазынасы, болашақтың мұрасы» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәрістің мақсаты: Өңіріміздегі ғасырлар қойнауынан жеткен халық қазынасы, тарихтың беймәлім сырлары тұнған, ел өмірінің тілсіз куәгері саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау. Ұлтымыздың рухани байлығы саналатын құнды да бірегей жәдігерлерді өскелең ұрпаққа дәріптеу.
Дәріс барысында: Музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихы мен әртүрлі аңыз, әңгімелер айтылды.

Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Айтбаева Айгерім Есімқанқызы, кіші ғылыми қызметкері Саутбекова Ақбөпе Ғалымқызы және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкері Алимханова Ұлбосынмен бірге «Жетісудың ерте темір дәуірінен этнографиялық кезеңге дейінгі әйелдердің металл әшекейлері: ерекшеліктері мен сабақтастығы» жобасы шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда. Жоба аясында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорындағы металдан жасалған әйел әшекейлері туралы ақпарат жинап, фотоға түсіріп, ерте темір дәуірінен бастап этнографиялық кезеңге дейінгі жерлеу орындарынан табылған әйел металл әшекейлерімен салыстыра отырып, сабақтастықты анықтау және деректер базасын жинау. Аталмыш жоба аясында екі ұжым арасындағы ғылыми ынтымақтастық сәтті жалғасын табады деген үміттеміз.

2024 жылдың 2 тамызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында комплаенс офицері Д. Тапеловтың жүргізуімен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың нәтижелерін жария талқылау болып өтті.