МӘДЕНИЕТ МӘҢГІЛЕНСІН ДЕСЕК...
(кеңейтілген алқадан кейін)
Астана қаласының төрінде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мәдениет, архив және баспа ісі салаларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынды ашқан министр Асхат Оралов кіріспе сөз сөйлеп, тұшымды баяндама жасап, министрлік алға қойып отырған келелі міндеттер, Президент іске асыруды тапсырған «креативті индустрия», материалдық емес мәдени мұраның жайын сөз етті. Отырыс аясында мінберден сөз алғандар саланың жайын айтты. Біз сөз сұрай қойған жоқпыз, әрине. Алған жағдайда, көлемді судай жайылып, көкейге келген көріктіні тап осылай бір қайырып алған болар едік.
Жаңарған Қазақстанның Мәдениет министрлігінің бүгінгі таңдағы негізгі міндетінің бірі – ұлт руханиятының өзегіндегі асылдардың күретамыры болып табылатын, ғасырлар бойы ауызша дамып, халықтың жадында жүріп жасампаздық сипатқа ие болса да бұл күнде солғын тарта бастаған, замандар өткен сайын жаңарып, жасарып, қайта жаңғырып отыруы тиіс адамзат баласының материалдық емес мәдени мұрасы қатарындағы жанды дәстүрлердің тамырына нәр беруге негізделуі тиіс. Өйткені бүгінгі қоғамдық зәрулік пен заманауи сұраныстың өзі сондай, мәңгілік ұйқыға кетудің алдында тұрған ұлттық ділмен байланысты өзекті мәселелердің көзін ашып, көмбеге айналып бара жатқандарын түртіп оятып, назардан тыс қалған наразы қазыналарды қатарға қосып, ұлттың кәдесіне қайта жаратып, әлем жұрты алдында кешегі, бүгінгі һәм болашақтың қара қазанын қайнататын ошақтың үш бұтындай тұтастық жағдаятын жанды үдерістер негізінде өзге түр, тосын сипатта көрсетуді талап етеді. Шынын айтқанда, науқандық мәні бар, құбылып көз алдайтын көрім шаралардан былайғы жұрт әбден жеріп болған. Ендігі жерде не жасалса да, алдымен ұлттың мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін мәдениет саласында талай игі шаруалар атқарылып, жоталы жобалар жасалып, елдің көкейіне кесе-көлденең кептеліп, тіл ұшына түрлі мәселе болып үйірілген көптеген келелі шаралардың түйіні өз деңгейінде тарқатылды. Оның бәрін тізіп айтып жатудың қажеті бола қоймас. Бұл тарапта, әйгілі бастамалардың басы-қасында болған, шама-шарқына қарай мәдениет министрлігінің тұтқасын ұстаған ерлерге алғыстан басқа айтар не болуы мүмкін? Шүкір, кезіндегі игі істердің дені бұл күнде де өзінің жарасымды жалғасын тауып келе жатыр. Жасыратыны жоқ, мәдениет саласы мықты һәм мәмлегер басшымен ғана көктеп, көркейеді, ол болмаған жерде, қалай десек те, бүкіл сала еңкейеді. Мұның бәрі уақыт мырзаның қатаң тезі мен тәжірибесінен өткен ақиқат.
Барлық қағидаларын қайта қарауға қадам басқан қазіргі Қазақстан мәдениет ұғымының астарына сіңіп, тамырын жайлап, өзегінен орын алып болған заманауи сахна мәдениеті үлгілерімен өркені өскен жұрттардың асылын таразыға тартып, бағамдап, бажайлап отырған әлем жұртының назарын тіктете ала қояр ма екен? Олай болса, ұлт мәдениеті мәңгіленіп, келешектің көші түзелу үшін не істемек керек? Сәт сайын сансыз түлеп отыратын құбылмалы қасиетке ие болса да адамзат баласы жарқ ете қалған сәтте жасын болып көрінетін жаңалықтарға емес, ертеңіне көбірек алаңдайтын елді елең еткізетін, ғұмыры ұзақ игі бастамаларға зәру. Ондай нәрсені жүйелі түрде жасап шығу орда бұзар отты шағында Мәдениет саласының тұғыр тағын иеленген Оғланның қолынан келетініне сөз жоқ және әр қадамға көз тігіп отырған қаймананың үмітті тілегі де осы межені талап етеді.
Биік бел-белестерді бағындырған Қазақстандық сахна мәдениетіне жататын өнердің қай түрі болсын, үнемі һәм үдемелі жетілу үдерісі үстінде тұр. Оған алаңдаушылық білдіруге негіз шамалы. Есесіне, қаншама жылдан бері есін жиып, етек жаба алмай келе жатқан мәнді мәселелер жиыны бар. Сол үшін ең байырғы һәм байыпты саланың министрінің басты міндеті Үкіметте қабылданатын «Мәдениет саласын дамыту тұжырымдамасы» аясында ұлттық фольклор түрлері, оның қайта жандануы мен жаңғыртылуы, жиналуы мен жүйеленуі, сөйтіп фольклор қазынасына негізделген ортақ ұлттық қор жинақтауға қатысты соны тұжырымдама қалыптастырып, соның алғышарттарын жасап, ұлт өнерін мәңгілендіру тетіктерін белгілеу керек. Бастау болған жерде, ол халықтың қостауына ұласары сөзсіз. Оған шүбә болмауы тиіс. Ал мұны қолға алып, атқарып шыққан ердің ерен есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылары хақ. Біздің жұрт «Жас келсе – іске!» деген тәмсілді сол үшін көп айтады. Міне, сол, мәңгі мұраның иесі ұлық жұрт мәдениет майданындағы мың сан шаруа, ұлт мәдениетін көркейтуге негіз болатын құтты қадам осылай басталып, жыры мен мұңы көп мәдениет көші түзелетінінен үмітті. Олай болса, іске сәт!
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы
Астана қаласы.
20. 01. 2023