Жаңалықтар
Құрметті «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумына қатысушылар!
Халықаралық форумның тарихы мол Тараз өңірінде ұйымдастырылуы аймақтың инвестициялық және экономикалық әлеуеті үшін тың серпін боларына сеніміміз мол. Форум аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының еншісіндегі Қарахан, Дәуітбек, Айша бибі, Бабаджа хатун, Тектұрмас, Ақыртас кешендеріне және «Көне Тараз» археологиялық саябағына ақпараттық тур жоспарлануда. Осыған орай, форум қатысушыларының пікірталастарының жемісті болуына және пайдалы ұсыныстардың айтылуына тілекші екенімізді жеткізе отырып, 26 сәуір күні арнайы ашық есік күнін жариялайтынымызды хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Жамбыл облысы Байзақ ауданының «Қостөбе» орта мектебінде «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында танымдық дәріс оқыды.
Танымдық дәрістің мақсатын және жылжымалы көрмеге қойылған жәдігерлердің құндылығын әрі мән-мағынасын ғылыми қызмет бөлімінің мамандары Мадина Мананбайқызы мен Гүлмарал Қамбарқызы айтып түсіндірді. Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, жылжымалы көрме барысында оқушыларға «Көне Тараз» аспан асты саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихымен таныстырды.
Мектеп ұстаздары мен оқушылары ұлт руханиятының тегеурінді тірегі, айнымас темірқазығы болған, әлі де бола алатын баба мұрасын насихаттап келе жатқан «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына алғысын білдірді.
Жамбыл облысының лицензияланған туроператорлары және турагенттерімен түсіндірме жұмыстарын жүргізу іс-шаралары
Ішкі және сырттай келу туризмін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстанда жергілікті туристік ортаның әл-ауқатын қалыптастыру және тартымдылығын арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы да бұл бағытқа өз үлесін қосып Жамбыл облысының туристік әлеуетін өсіру мен музей-қорыққа тиесілі нысандарды жұртшылыққа паш ету әрі туристік тартымдылығын арттыру мақсатында Жамбыл облысының лицензияланған туроператорлары және турагенттерімен жеке кездесіп, тығыз ынтымақтастық байланыс орнатуда. Алғашқы кездесу «Leyli travel» турагенттігінің маманымен болып, келесі мәселелер сөз етілді:
– музей-қорыққа қарасты нысандар туралы толыққанды ақпараттандыру;
– өзге гид-экскурсоводтар арқылы берілетін дәйексіз ақпараттардың алдын-алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу;
– музей-қорықтың жұмыс барысын түсіндіру;
– ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 254 бұйрығының 27-қосымшасына сәйкес, сондай-ақ мекеме Жарғысының 3 тарауы, 14 тармағы 10 тармақшасы негізіндегі қызмет туралы толық ақпараттандыру;
– мәдени мұрамыз бен тарихымызды насихаттау.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Жамбыл облысы Сарыкемер ауылында Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында танымдық дәріс оқыды. Дәріс барысында ғылыми бөлім қызметкері Мадина Мананбайқызы оқушыларға музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті.
Тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы 2011–2017 жылдар аралығында мекемеге қарасты нысанның бірі – «Көне Тараз» аспан асты саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихын баяндады. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылаған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсаттарын түсіндірді.
Археологиялық зерттеу жұмыстары көне қаламыз Тараздың осыдан екі мың жыл бұрын ірі мәдениет ошақтарының бірі болғандығын айғақтайды. Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ата-бабамыздан мирас болып қалған сан ғасырлық тарихты өскелең ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады. Мектеп ұстаздары мен оқушылары «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына алғыстарын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Ағымдағы жылдың 20 наурыз күні Шымкенттің Бозарық елдімекенінде салынған жаңа атшабарда Great Qazaq Games — «Ұлы қазақ ойындары» атты фестиваль басталды. Этнофестиваль төрт бағыт бойынша өтіп, Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамына арналған. Аталмыш іс-шараға Шымкент қаласының әкімі, аудан әкімдері қатысты.
Great Qazaq Games ұлттық ойынына 17 облыс пен республикалық 3 ірі қаладан қонақтар қатысты. Іс-шара барысында барлық келген қонақтар үшін ипподром жанынан сауда алаңдары, ұлттық тағамдары бар мекемелер, әртістер мен сәнгерлерге арналған сахналар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық алаңдары, сондай-ақ шеберлік сағаттары, қолөнершілердің көрмелері мен жәрмеңке өткізілетін 160 киіз үйден тұратын этникалық ауыл ашылды.⠀
Бұл жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қор сақтаушысы — Әлімханова Ұлболсын қатысып, музейдің құнды әрі бірегей экспонаттарын жасақтады.
Great Qazaq Games бірегей жобасы Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі мен құрылыс компаниясының қолдауымен жүзеге асты.