Қараша айының 26 жұлдызында Испанияның Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан Республикаларындағы елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды. Өзінің жұмыс сапарында Испания елшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "Ежелгі Тараз ескерткіштері" музей-қорығы РМҚК-на қарасты тарихи-мәдени нысандарды да тамашалап үлгерді. Өлкенің бай мұрасы мен тарихына деген үлкен қызығушылығын танытып, таңданысын жеткізді. Сонымен қатар "Музей ісі және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің" қызметкерлеріне де көрсеткен экскурсиялық қызметтері үшін шынайы алғыс білдірді.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «JAMBYL TV» телеарнасының «Қайырлы таң, Жамбыл!» атты таңғы бағдарламасында тікелей эфирде сұхбат берді. Бүгінгі эфир барысында қызметкерлер тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау мен насихаттаудағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде және қорық-музейдің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 25 қарашасында ұйымдастырылғалы отырған көрнекті ғалым, археолог, ортағасырлық қазақ археологиясының білгірі Т. Н. Сенигованың 100 жылдығына арналған «Жазба деректеріндегі Тараз» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция жайлы айтып өтті.
15 қараша – ҚР Ұлттық валюта күніне орай, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің “Ежелгі Тараз ескерткіштері” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында “Ұлттық валюта – төл теңге” тақырыбында жылжымалы көрме өтті. Көрмеге ежелгі Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған нумизматикалық жәдігерлер қойылды. Әр түрлі кезеңге жататын тиындар көпшіліктің қызығушылығын оятты.