ТҰСАУЫҢДЫ КЕСЕЙІН...
«Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Яғни байырғы заманнан бүгінге дейін жеткен бабалар қазынасын дәріптейтін күн. Жалпы Наурыз мерекесі басталғалы ұлт руханиятының алтын діңгегі һәм тірегі саналатын мәдени мұраларымызды ұлықтау жер-жерде жүруде. Республика көлемінде көктем мен жыл басталуына орай ізгі тілек айтылып, қызықты шаралар тоқтаусыз өтіп жатыр.
Ал бүгінгі атаулы күнде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» ұжымы ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын назардан тыс қалдырмады. Сан ғасыр бойы жалғасқан салттың бірі, әр әулет үшін үлкен мереке – Тұсаукесер тойын өткізді. Ұжымдағы көп балалы ана, мекеменің бас қор сақтаушысы Ұлболсын Әлімханова Тараз қаласының кішкентай тұрғыны Амира Еркебұланқызының тұсауын кесіп, үлкен өмірге деген алғашқы қадамына ақ тілегін айтты.
Анықтама үшін айтсақ, тұсаукесер – қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Бүгінге дейін сақталып келген рәсім кішкентай балаға арналған әрі оны бала тез аяққа тұруы үшін жасайды. Әдетте тұсаукесер тойы бала алғашқы қадамдарды жасай бастағанда, көбінесе сәби жасқа толғанда өтеді. Тіпті деректерде бұл дәстүр қазақ халқында тәңірлік кезеңнен бері бар деп саналған.
Талай сынақты бастан кешсе де қазақ халқы осылайша өз дәстүрінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ұлттық болмысты айшықтайтын бабалардың мұндай аманаты көз қарашығындай сақталып, жадымыздан өшпеуі тиіс. Наурызнама онкүндігінің жалпыхалықтық сипатқа ие болуының бір сыры да осында.
Ұлт мәдениеті мен руханияты жасай берсін!
17 Наурыз 2025
459
16 Қараша 2019