«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қалалық 125 International High School Халықаралық жоғары мектебінің оқушыларына «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Тараз және руханият» тақырыбында танымдық дәріс оқыды. Танымдық дәрістің мақсатын және ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей-қорық мамандары Мадина Мананбайқызы мен Фариза Нұрқожақызы айтып түсіндірді.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды.
Ағымдағы жылдың 30 қараша күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Берік Мырзалыұлы «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы отырысына қатысып, баяндама жасады. Кеңес отырысында өңірдегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау мәселесі бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жай-күйі қаралды.
Жиын барысында Жамбыл әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің директоры Даурембеков Қуаныш Кәрібайұлы, туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков баяндама жасады. Кеңес отырысында көтерілген мәселелердің барлығын комиссия мүшелері назарға алып, алдағы уақытта партия атынан ұсыныстар беретін болды.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Мадина Мананбайқызы, Гаухар Сабырқызы «JAMBYL TV» телеарнасының «RAUAN» атты таңғы бағдарламасына «Тарих – ұлттың айнасы» тақырыбында тікелей эфирде сұхбат берді. Сұхбат барысында қызметкерлер «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Қарахан, Айша бибі кесенелерінің қайталанбас тарихына, кесенелерге қатысты аңыз, әңгімелерге тоқталып өтті.

15 қараша – ҚР Ұлттық валюта күніне орай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме өтті. Көрмеге ежелгі Тараз қалашығынан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды әрі бірегей нумизматикалық жәдігерлер қойылды. Әр түрлі кезеңге жататын тиындар көпшіліктің қызығушылығын оятты.

Ағымдағы жылдың 10 қараша күні Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасасы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан-Түркия жастар көпірі» жобасы аясында Түркия Республикасының жастар саясаты саласындағы мамандар, министрліктің өкілдерінен 50-60 делегаты келді.
Аталмыш делегацияға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Ақгүл Жанболатқызы Тараз қаласының дәл орталығында орналасқан киелі де сәулетті ескерткіштердің бірі – Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне экскурсия жүргізді. Сонымен қатар, қонақтар кесененің қосымша худжра бөлмелерінде қазба жұмыстары барысында ежелгі Тараз қалашығынан табылған жәдігерлерден құралған экзпозицияны тамашалады. Атап айтсақ: Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сынапкөзелер, шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар. Содан соң, сонау ХІ ғасырдан біздің дәуірге жеткен, Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Айша бибі кесенесін тамашалады. Экскурсия барысында шетелдік қонақтар ерекше қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауабын алды.