«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Юнеско Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар

Юнеско Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар

Ақтөбе қалашығы – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық экономикалық, саяси, мәдени ірі орталық. Араб географы әл-Макдиси (Х ғ.) қала туралы: «Баласағұн халқы көп, суы мол қала» деп жазған. Қалада           Ж. Баласағұн, М. Қашқари т. б. көрнекті тұлғалар ғұмыр кешіп, қызмет етті. Жылдар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде қазақстандық археологтар У. Х. Шалекенов, М. Е. Елеуов Еуразия құрлығының аумағындағы аса ірі мәдени, ғылыми, рухани орталық болған өңірді ортағасырлық Қараханидтер империясының батыс бөлігінің астанасы деп таныды.

1974 жылдан бері қазба жұмыстарын жүргізген археологтар тарапынан су құбыры тартылған шығыс моншасы мен алаңы бар сарай кешені, тұрғын үй және шаруашылық құрылыстары, VI–XII ғғ. рабад, VI–XII ғғ. төрткүл, бекініс құрылым, шарапханалар, қолөнер шеберханасы сияқты көптеген нысандар ашылып, зерттелді.

Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Ақтөбе 2014 жылдан бері «Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық желісі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар қатарында.

Ортағасырлық Ақыртас сарай кешені Қазақстанның ең жұмбақ құрылыстарының бірі болып табылады. Оның зерттелу тарихы 150 жылдан астам уақытты қамтиды. Өлкетанушылар мен ғалымдар тас үйінділерге XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап назар аудара бастады. 1890 жылдары шығыстанушы В. В. Бартольд пен геолог Д. Л. Иванов Ақыртасқа алғашқы зерттеу жұмыстарын жүргізді. В. В. Бартольд Ақыртасты ортағасырлық Касри-Бас (Касрибас) елді мекеніне балайды. Ол жайында араб саяхатшылары ибн Хордадбек пен Құдама (IX–X ғғ.) өз жазбаларында атап өтеді. XIII ғасырдың басында даос монахы Чань-Чунь қызыл тастан қираған үйінділерді көргені туралы күнделігінде жазып қалдырған. Ақыртас – Касри-Бас деген салыстыруларды К. М. Байпақов та қолдап, Ақыртасты IX–X ғасырларда Жетісуды иеленген қарлұқтардың аяқталмаған ордасы санады.

         Кешен бірнеше дәуірлерге тән нысандардан тұрады. Олар: аяқталмаған Ақыртас сарай кешені, қала сыртындағы тұрғын жайлар, билеушінің сарайы, қамал, хауыздар (су қоймалары), саябақ, тас пен саз өндіруге арналған қазба орны.

         Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Ақыртас 2014 жылдан бері«Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар қатарында.

Қостөбе қалашығы VI ғасырда Бұхар соғдылары негізін қалаған ежелгі Жамұқат (Хамукат) қаласымен байланыстырылады. Джамукат атауы Х ғасырдың географы әл-Макдиси жазбалары мен Нершахидің «Тарихи-и-Бұхара» атты еңбегінде кездеседі. Қалашықты зерттеу 1938 жылы А. Н. Бернштамнан басталып, археологиялық қазба жұмыстарын 1986–1987 жылдары К. М. Байпақов басқарған Тараз археологиялық экспедициясы жүргізді.

Қостөбе – Талас алқабындағы ең ірі қалалардың бірі. Оның топографиясы қорғанды қоршаулармен құрсалған орталық қирандылар, оқшауланған шұңқырлар (мүмкін от ғибадатхана) мен қорымдарды қамтиды. Қалашық цитаделінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қабырғалары оймышты сылақпен безендірілген сарай анықталды.

Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Қостөбе 2014 жылдан бері «Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар қатарында.

Өрнек қалашығы ортағасырлық араб жазба деректерінде қарлұқтардың бақылауындағы саяси, стратегиялық маңызы орасан орталықтың бірі «Құлшұб» есебінде аталады. Өзінің географиялық орналасу қолайына қарай, ол сауда торабынан өркені өскен қалаға айналды. Ерте ортағасырларда Алтынсу мен Шұбырынды өзендерінің жағасында алтын өндіріліп, егіншілік дамып, көшпелі және отырықшы тайпалар арасында айырбас сауда жүрді.

К. М. Байпақовтың басқаруымен жүргізілген (1985–1986, 1992–1993 жж.) Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының зерттеу жұмыстары нәтижесінде тас бағанасы оймышталған мешіт, шикі кірпішті кесене, шаруашылық, тұрғын үй-жайлар секілді ортағасырлық бірегей ескерткіштер анықталды. Археологиялық материалдар тұрақты отырықшы қоныс орнында Ұлы Жібек жолында маңызды рөл атқарған мәдени-экономикалық орталық қалыптасқаны жайында қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. 2014 жылы « Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық желісі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар тізімінде.

Құлан қалашығы, VI–XIII ғғ.

Құлан қалашығы жайындағы алғашқы мәлімет қытай тақуасы Сюань-Цзянның жолжазбаларында кездеседі. Қала туралы көптеген ортағасырлық саяхатшылар мәліметтер қалдырған. Араб тарихшылары Ибн Хордадбек пен Құдама (IX ғ.) Құлан қалашығы Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналасқанын айтады. Құдама болса, «Тараз бен Құланның солтүстік жағы құм, ал қимақтар шекарасына дейін құмды және малта тасты шөл дала созылып жатыр» деп жазады. Әл-Макдиси (X ғ.) «Құлан – мешітті, бекіністі қала. Қазір даңғырап, Тараз күре жолында тұр» дейді. XIII ғасырдағы географиялық сөздік авторы Якут былай дейді: «Құлан – түркі елінің Мауераннахр жағындағы шекарасында орналасқан келісті қала». Қала топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс бетінен бекініссіз рабат іздері аңғарылады.

Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. 2014 жылы«Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындаөңірлік қасиетті нысандар тізімінде.