Өрнек қалашығы,
Өрнек қалашығы ортағасырлық араб жазба деректерінде қарлұқтардың бақылауындағы саяси, стратегиялық маңызы орасан орталықтың бірі «Құлшұб» есебінде аталады. Өзінің географиялық орналасу қолайына қарай, ол сауда торабынан өркені өскен қалаға айналды. Ерте ортағасырларда Алтынсу мен Шұбырынды өзендерінің жағасында алтын өндіріліп, егіншілік дамып, көшпелі және отырықшы тайпалар арасында айырбас сауда жүрді.
К. М. Байпақовтың басқаруымен жүргізілген (1985–1986, 1992–1993 жж.) Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының зерттеу жұмыстары нәтижесінде тас бағанасы оймышталған мешіт, шикі кірпішті кесене, шаруашылық, тұрғын үй-жайлар секілді ортағасырлық бірегей ескерткіштер анықталды. Археологиялық материалдар тұрақты отырықшы қоныс орнында Ұлы Жібек жолында маңызды рөл атқарған мәдени-экономикалық орталық қалыптасқаны жайында қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. 2014 жылы « Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық желісі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді. 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар тізімінде.