Қостөбе қалашығы, VI–XII ғғ
Қостөбе қалашығы VI ғасырда Бұхар соғдылары негізін қалаған ежелгі Жамұқат (Хамукат) қаласымен байланыстырылады. Джамукат атауы Х ғасырдың географы әл-Макдиси жазбалары мен Нершахидің «Тарихи-и-Бұхара» атты еңбегінде кездеседі. Қалашықты зерттеу 1938 жылы А. Н. Бернштамнан басталып, археологиялық қазба жұмыстарын 1986–1987 жылдары К. М. Байпақов басқарған Тараз археологиялық экспедициясы жүргізді.
Қостөбе – Талас алқабындағы ең ірі қалалардың бірі. Оның топографиясы қорғанды қоршаулармен құрсалған орталық қирандылар, оқшауланған шұңқырлар (мүмкін от ғибадатхана) мен қорымдарды қамтиды. Қалашық цитаделінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қабырғалары оймышты сылақпен безендірілген сарай анықталды.
Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Қостөбе 2014 жылдан бері «Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген.Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар қатарында.