Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, VIІІ–XII ғғ.
Ортағасырлық Ақыртас сарай кешені Қазақстанның ең жұмбақ құрылыстарының бірі болып табылады. Оның зерттелу тарихы 150 жылдан астам уақытты қамтиды. Өлкетанушылар мен ғалымдар тас үйінділерге XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап назар аудара бастады. 1890 жылдары шығыстанушы В. В. Бартольд пен геолог Д. Л. Иванов Ақыртасқа алғашқы зерттеу жұмыстарын жүргізді. В. В. Бартольд Ақыртасты ортағасырлық Касри-Бас (Касрибас) елді мекеніне балайды. Ол жайында араб саяхатшылары ибн Хордадбек пен Құдама (IX–X ғғ.) өз жазбаларында атап өтеді. XIII ғасырдың басында даос монахы Чань-Чунь қызыл тастан қираған үйінділерді көргені туралы күнделігінде жазып қалдырған. Ақыртас – Касри-Бас деген салыстыруларды К. М. Байпақов та қолдап, Ақыртасты IX–X ғасырларда Жетісуды иеленген қарлұқтардың аяқталмаған ордасы санады.
Кешен бірнеше дәуірлерге тән нысандардан тұрады. Олар: аяқталмаған Ақыртас сарай кешені, қала сыртындағы тұрғын жайлар, билеушінің сарайы, қамал, хауыздар (су қоймалары), саябақ, тас пен саз өндіруге арналған қазба орны.
Мәртебесі: Республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіш. Ақыртас 2014 жылдан бері«Ұлы Жібек жолы: Чаньань-Тянь-Шань дәлізінің маршруттық жүйесі» ретінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Ал 2017 жылдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік қасиетті нысандар қатарында.