Байзақ ауданында, Тараз қаласынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Зерттеуші Кудама Ибн Хордадбектің қолжазбаларында: «Барысхан – Тараздан шығысқа қарай орналасқан, адамның даусы жетерлік жердегі қала. Оның айналасында қазіргі күні құлап қалған қабырға бар. Үлкен мешіт базарлардың ортасында тұр» делінген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде тік төртбұрыш және шаршы пішінді бірнеше үйлердің орны аршылып алынды. Едендерінен ошақтардың орны табылды. Алаңның жаңында жерге көміліп орнатылған өте үлкен бөшке секілді ыдыс бар. Соған қарап, үйдің шарап жасайтын орындігі анықталды.
Қазба жұмыстары кезінде сиымдылығы өте үлкен ыдыстар, тұрғын және шаруашылық үйлері, шарап жасау орнының қалдықтары табылды.
Жікіл қалашығы Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы маңына орналасқан қалашық. Зерттеуші А.Н. Бернштамның айтуы бойынша, Жікіл қалашығының аты сол дәуірдегі тұрғылықты Жікіл түркі тайпасының атымен аталған.
Г.И. Пацевичтің пікірі бойынша Жалпақтөбе қаласын Х ғ. араб географы əл-Макдисидің хабар-лауларындағы Жікілмен тепе-теңестіруге болады. Жалпақтөбе мен Жікілдің теңестірілуін Т.Н. Сенигова мен К.М. Байпақов құптайды.
Қаланы 1939-40 жж. Жамбыл археология пунктінің экспедициясы зерттеген. 1956 ж. Жетісу археологиялық экспедициясының отряды Т.Н. Сенигованың жетекшілігімен қалада қазба жұмыстарын жүргізген. 1983-86 жж. Тарихи жəне мəдени ескерткіштері жинағының археологиялық экспедициясы К.М. Байпақовтың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2010 жылы «Археологическая экспертиза» ЖСШ ескерткіштер Жинағы экспедициясы С. Ақылбек, Ш. Құдабаев жетекшіліктерімен зерттелді.
Қалашық территориясында ескі зират орны бар. ескерткіштің батыс бөлігі саз балшық ауылдың нәтижесінде бүлінген. Қаланы айнала бақшамен және Жалпақтөбе ауылының құрылыстарымен қоршалған. Археологиялық зерттеулер кезінде, сондай-ақ аэрофототүсірілім барысында орталық қирандылардан айнала 1-1,5 шақырым жерден «ұзын» қабырға табылған. Қала территориясына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде VI-IX ғғ. деңгейіндегі үй-жай құрылысының ерекшеліктері анықталды. Ол бір-біріне жалғастырыла салынған тұтас құрылысты көрсетеді. Тұрғын бөлмелердің еденінде ашық типті жер ошақтар болған. Сыпалар қабырғалар бойында орналасқан. Құрылыстың қабырғалары шикі кірпіштен қаланса, ал іргетасы жұмыртастардан жасалған. Зат қоятын бөлмелерде астық сақтайтын ұралар болған. Қыш ыдыстары өсімдік өрнекті саптыаяқтардан, доға жəне сегмент тəрізді құлақтары бар қазандардан, қыштан жəне алебастрдан жасалған дөңгелек үстел-дастархандардан, шырағдандардан тұрады. Түргеш тиындары Жалпақтөбедегі құрылыс кешенін VII-IX ғғ. мерзімдейді. Көне қаланың жоғарғы құрылыс қабаты сырланған қыш ыдыстардың сынықтарына қарағанда X-XII ғғ. жатады.
Соңғы зерттеулер бойынша ескерткіш айналасына өнеркəсіп жəне тұрғын үй құрылыстарының салыну салдарынан оның тек 70х70 м болатын қабырғалары сақталған. Қабырғаларының саз кірпішгері сылағымен анық байқалады, биіктігі 1 м.
Палеолит – ежелгі тас дәуірі. Адаммен оның шаруашылығы қалыптасуының бастапқы уақыты. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Қазақстан аумағында алғашқы адамның іздері (800-140 мың жыл бұрын) ерте палеолитте ескерткіштердің орындары анықталған. Ең ежелгі ескерткіштер Қаратау жотасынан табылған. Мұндағы Тәңірқазған, Бөріқазған, Шабақты, Ақкөл, Шабақты, Қазанғап (Оңтүстік Қазақстан-Қаратау шатқалы) тұрақтарында табылған материалдар шелль-ашель дәуіріне жатады.
Ежелгі адамдардың Жамбыл жеріне қоныс аударуы үшін ең қолайлы жерлер Қаратау таулары болды, онда көптеген жабайы жануарлар сүйектері табылды,климаты ыстық және жері өсімдіктерге бай болды.Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі және ұзақ даму жолынан өтті. Ежелгі адамдар табиғат күштеріне қарсы тұру үшін, аң аулау оңайырақ болу үшін топтасып өмір сүрді.
Осындай тұрақтардың бірі Бөріқазған тұрағы Жамбыл облысы Талас ауданы Қызылəуіт ауылынан 10 км оңтүстік-шығыста, Бөріқазған жерінде орналасқан.
Тұрақты 1958 жылы археолог Х.А.Алпысбаев ашып, зерттеген. 2000 жылы ҚР ҒА Ə.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы К.М.Байпақов жетекшілігімен қайтадан зерттеген.
Зерттеу жұмыстары нәтижесінде тас бұйымдар (442 дана) куэсті биіктіктегі беттен табылған. Құралдарды жасаудағы негізгі шикізаттарды шомбал желвактар мен қара ұсақ түйіршікті кремний карбонды малта тастар құрайды.
Тас бұйымдардың көбірек топталған жерлеріне Х.Алпысбаевтың басқаруымен бірнеше шурф-тар салынған. Бөріқазғанның артефактары келесі түрлерге бөлінген: 1) екі жақты добал; өңделген шапқыш құралдар (32 дана); 2) табақша құрал-саймандар (3 дана); 3) қол шапқыштар (2 дана); 4) унифастар (3 дана); 5) жаңқалардан жасалған құралдар (23 дана); 6) жаңқалар (342 дана); 7) нуклевидті бұйымдар (8 дана) жəне өндіріс қалдықтары (27 дана). Скол техникасы мен типологиясы үлгісіндегі тас бұйымдар олдувай мəдениетінің құралдарымен ұқсас. Коллекциялар Алматы қаласында, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология Институтында Археология музейінде сақтаулы.
Берікқара қорымы ауылдың оңтүстік шетіне орналасып, оңтүстік жəне оңтүстік-батысқа қарай Берікқара шатқалының сағасына дейін 3,5 км созылып жатыр. Қорым Қаратау (Жуалы ауданы) жотасының солтүстік бөктеріндегі жазықта, Берікқара өзе-нінің қос жағалауында орналасқан. Обалар шат-қалдан бастап Билікөл көлінің жағалауына дейін орналасқан.
Қорымды 1938-1939 жылдары археологиялық экспедициясымен А.Н. Бернштамның жетекші-лігімен табылып, тіркеуге алынған. 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы А.Г. Максимова, 1978 жылы – Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 2000 жылы К.М. Байпақов, Д.А. Лобас жетекшіліктерімен зерттелді. 2013 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС Ескерткіштер жинағы экспедициясы өз зерттеулерін жүргізді.
Топографиялық түсірі-лімдер нəтижесінде Берікқара өзенінің қос жағалауынан барлығы 411 оба тіркеуге алынды, оның ішінде зерттеушілердің осы уақытқа дейін толық немесе жартылай қазба жұмыстарын жүргізіп кеткен обалары да бар. Олардың 360 Берікқара өзенінің оң жағалауынан, қалған 51 сол жағалауынан табылды. Қорымның орталық бөлігінде «патша» обалары шоғырланған. Ірі обалардағы тас үйінділердің көлемі 50-53 м, биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді.
Обалардың үйінділері құрылымы жағынан əртүрлі, атап айтсақ, толығымен тасты, тас аралас топырақты жəне айналдыра таспен қоршалған топырақты үйінділер кездеседі. Кей обалардың айналасы орақ тəрізді етіп қаланған тастармен қоршалған. Бірнеше ірі обалардың беті ақ кварцпен жабылған. Қорымның солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан ірі обады айналдыра 6 қатар етіп тігінен қазылып орнатылған шаршы түріндегі тас қалау тіркелді. Тас қалаудың ішінен 3 бейіт тіркелді. Құрылыстың бір бөлігі Кеңес Одағы кезіндегі электр желілерін жүргізу жəне Құйық-Қаратау жолына дейінгі алқап жолын салу барысында бүлінген. Оба үйіндісі сұр түсті тақтатастың ұсақ бөліктерінен түзілген. Тонаудан қалған үйіндінің бетінде ақ кварцтың шығып кетуі қабірдің айналдыра ақ кварцпен қымталғанын болжауға мүмкіндік береді.
«Патша» обалардың барлық үйінділерінің ортасынан түскен диаметрі 15-20 м, тереңдігі 3-3,5 м. болатын ертеден қалған шұңқыр іздері бар. Шатқалдың ішінде орналасқан туристік демалу орталығына апаратын автокөлік жолы осы қорымның аумағы арқылы өтеді.
Обаларға жүргізілген қазба жұмыстарының нəтижесінде қыш құмыра, алтын, қола жəне мыс сырғалар, салпыншақтар; аузынан құс шығып тұрған жолбарыстың басы түріндегі қола айырбас, темір пышақ, ердің тілімді сақиналары, қорамсақты ілуге арналған ілгек, жебенің екі жəне үшқалақты ұштары, қылыштың сабы сияқты ғылыми тұрғыдан құнды деп саналатын бұйымдар алынды. Бұл заттай деректер жəне оған қоса жерлеу рəсімімен байланысты материалдар ескерткішті б.з.д. II ғ.–б.з. V ғ. мерзімдеуге мүмкіндік береді.
2017 жылдың наурыз айында автомобиль жолдарын салу барысында Берікқара қорымындағы 6 қорымға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмысын т.ғ.кандидаты, «Геоархеология» орталығының басшысы Ғ. Бексейітов жетекшілік жасады. Берікқара обаларынан Үйсін, Қаңлы дәуіріне жататын тарихи құнды жәдігерлер табылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында қазылған апатты №1 обаның ішіндегі ауқымы үлкен (биіктігі 0,4метр, ал көлемі 17 метрді құрайды) қорымнан ақсүйек әйел адамның сүйегі табылды. Онымен қоса езілген екі қыш ыдыс, қола айна, сол қолына тағылған күміс білезік және қолаң шашқа тағылатын қола түйрегіш табылды. Табылған құнды жәдігерлер реставрациядан өтіп Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына тапсырылды.
Алғашқы тобыр төменгі палеолиттің алдыңғы кезендерінің бірі – ашель дәуіріне сәйкес келеді. Ашель уақытында жаңа әлеуметтік организм – алғашқы қауымның алғышарттары бірте-бірте толыса бастайды.
Шелль-ашель дәуіріне жататын Ақкөл тұрағы Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылынан 11 км оңтүстік-батыста, Ақкөл көлінің оңтүстігінде орналасқан.
Ескерткішті 1961 жылы археолог Х.А. Алпысбаев ашқан. 2009 жылы Е.Ақымбек пен Ш.Құдабаевтың жетекшілігімен «Археологиялық сараптама» ЖШС Ескерткіштер жинағы экспедициясы зерттеді. Куэст төбешігінің үстіндегі шағын алаңда ежелгі адамдар қолынан жасалған 117 тас бұйым табылған. Олардың басым бөлігі бұйым сынықтары. Барлығы да желге мүжіліп, бірқатарының сыртқы қабаттары сақталған. Бұйымдардың барынша көп жинақталған жерінде тік шұңқыр қазылды. Табылған тас бұйымдар топқа бөлінеді: 1) шеттері мен өкшесі екі жағынан да өңделген кəдуілгі шабатын құрал; 2) құрал-шеңбер; 3) қол шапқысы. Ақкөл орнының бұйымдары мынадай топтарға бөлінеді: екі қырлы шабатын құралдар; унифастар; жарықшақтардан жасалған құралдар; өңдеу белгілері жоқ жарықшақтар. Коллекциялар Алматы қаласында, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология Институтында Археология музейінде сақтаулы.