«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Археологиялық ескерткіштер / Тәңірқазған тұрағы, төменгі палеолит

Тәңірқазған тұрағы, төменгі палеолит

Тәңірқазған тұрағы Жамбыл облысы Талас ауданы Қызылəуіт ауылынан 13,4 км оңтүстік-шығыста, Тəңірқазған даласында орналасқан.

Палеолит тұрпатындағы тас бұйымдарды 1968 ж. археолог Х.А.Алпысбаев алевролиттерден, құмайттардан түзілген жазық үстірттерден тапқан. 2000 жылы тұрақты Ə.Х.Марғұлан атындағы ҚР ҒА Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы академик К.М.Байпақовтың жетекшілігімен  қайта зерттеген. Зерттеу нәтижесінде тұрақтың ауданы 1 шар. км кем емес екендігі анықталды. Тас бұйымдардың көбірек топталған аймақтарына стратиграфиялық шурфтар салынған. Артефакттардың басым бөлігі сұр саздақтың қалың емес үстіңгі қабаттарынан табылған. Бөріқазғандағыдай Тəңірқазған тұрағын мекендеушілер шикізат материалы ретінде карбонат ярусындағы қара жəне қара-сұр кремний қолданған.

Тəңірқазғанның тас бұйымдары мынадай топтарға бөлінеді: 1) екі жақты өңделген добал шапқыш құрал ; 2) табақша пішіндер ; 3) қол шапқыш тектес құрал; 4) унифастар; 5) жаңқадан жасалған бұйымдар; 6) нуклеустер;  7) екінші рет өңделмеген жаңқалар.

Бұл тас бұйымдардың Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштерінің арасында, олдувай мəдениеті құралдарының арасында типтік ұқсастықтары бар. Коллекциялар Алматы қаласында, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология Институтында Археология музейінде сақтаулы.