«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар

Жаңалықтар
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері №66 орта мектебінің оқушыларына «Тараздың көне тарихы» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтады.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды. Іс-шара соңында мектеп ұстаздары мен оқушылары музей-қорық қызметкерлеріне алғыс білдірді.
 

Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері А. Қ. Айтқали, З. Р. Каримбаева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыруымен жүзеге асырылған «Қазақ Алтайының қимақ мәдени кешенін пәнаралық зерттеу» жобасы шеңберінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқаруда. Осы орайда, Институт ғылыми қызметкерлеріне «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Қор сақтау және есепке алу» бөлімінің қызметкері Ұлбосын Хамитқызы музей қорында сақталған орта ғасырға тән археологиялық жәдігерлерімен таныстырды. Атап айтсақ, VII ғ. Таң әулетінің импорттық қытай монеталары, Қарахан әулетінің (Х-ХІІ ғғ.) монеталары, Түргеш қағанатының монеталары, сондай-ақ ортағасырлық қапсырмалар мен жапсырмалар көрсетілді. Жоба мақсаттарының бірі – Еуразия даласының ортағасырлық мемлекеттерінің археологиялық жәдігерлерімен танысу және деректер базасын жинау.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің қызметкерлері Тараз өңірлік университетінің «Туризм және бизнес» факультетінің студенттеріне «Ескерткіштер ел тарихы» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәрістің мақсаты: Өңіріміздегі ғасырлар қойнауынан жеткен халық қазынасы, тарихтың беймәлім сырлары тұнған, ел өмірінің тілсіз куәгері саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау. Ұлтымыздың рухани байлығы саналатын құнды да бірегей жәдігерлерді өскелең ұрпаққа дәріптеу. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстыру.
Дәріс барысында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз қаласының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі, орны мен рөлі, Тараздың ежелгі және ортағасыр археологиясының зерттелу тарихы мен Жамбыл өңірінің республикалық маңызы бар мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихы мен аңыз әпсаналары жайлы мәліметтер берілді.
Дәріс соңында студенттер өздеріне қызықты әртүрлі сұрақтар қойып, өздеріне керекті мәліметтерді алды. Сонымен қатар ерекше лебіздері мен ризашылықтарын білдірді.\
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Ғылыми қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің қызметкері Ақдидар Карибекова М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің білімгерлеріне «Ежелгі Тараз ескерткіштерінің құпиялары» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәрістің мақсаты: Өңіріміздегі ғасырлар қойнауынан жеткен халық қазынасы, тарихтың беймәлім сырлары тұнған, ел өмірінің тілсіз куәгері саналатын тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау. Ұлтымыздың рухани байлығы саналатын құнды да бірегей жәдігерлерді өскелең ұрпаққа дәріптеу.
Дәріс барысында: Музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштердің тарихы мен әртүрлі аңыз, әңгімелер айтылды.
15 қараша – Ұлттық валюта күніне орай, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері «Ұлттық теңге» тақырыбында Айша Бибі атындағы дарынды қызы балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушыларына жылжымалы көрме жасақтады. Жылжымалы көрме барысында оқушылар назарына VII ғ. Таң әулетінің импорттық қытай монеталары, Қарахан әулетінің (Х-ХІІ ғғ.) монеталары, Түргеш қағанатының монеталары ұсынылды.
Айта кетейік, Тараз қалашығында археологиялық қазба жұмыстарының барысында ортағасырлық монеталардың үлкен коллекциясы табылды. Бүгінгі күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына Орталық Азия аймағындағы саяси, тауар-ақша және мәдени байланыстардың даму тарихын көрсететін бірегей нумизматикалық жәдігерлерден тұратын 1800-ден астам монета мен олардың фрагменттері алынды. 2015 жылы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көмбе табылды, ол 183 дана ортағасырлық мыс монеталарынан тұрады. Тараз – Ұлы Жібек жолының керуен жолдарының қиылысында орналасқан ежелгі қала. «Саудагерлер қаласы» – Тараз деген атпен бұл орталық түргештердің орталығы, содан кейін қарлұқ пен қараханидтер өмір сүрген, онда ғасырлар бойы жоғарғы билеушілердің атынан монета шығаратын сарайлар болған. Монеталардың көп бөлігі мыстан жасалған, яғни мыс монетасын ежелгі Тараз қалашығында саудагерлер мен тұрғындар өзара сауда-саттықта пайдаланған. Сонымен қатар, ортағасырлық күміс монеталарды ірі мемлекеттермен сауда қарым-қатынас кезінде пайдаланған.