Жүнісбай мешіті, сәулетшісі, 1906-1913 жылдар
Әулие ата мешіті Тараз қаласының ескі бөлігінде, тарихи аумаққа жақын, Б.Адамбаев көшесі №24 ғимаратта орналасқан. Қаламыздың орталық мешiті – Әулиеата мешiтi жергiлiктi жанашыр азамат, көпес Қали Жүнiс Майюсуповтың демеушілігімен шебер Сейдулла Қожаның басшылығымен 1913 жылы бой көтерген.
Мешіт осы өңірде «Әулие ата» атанып кеткен Караханидтер әулетінің көрнекті тұлғаларының бірі Шах Махмуд Қарахан-ның құрметіне және мешітті салдырушы Жүнісбайдың құрметіне «Әулие ата – Жүнісбай мешіті» – деп аталады. Қали Жүніс өз кезенінің жанашыр азаматы ретінде және мешіт пен шығыс моншасын салдырушы ретінде жергілікті халық жадында мәңгі сақталған тұлға.
Ұзақ жылдар бойы мешіт ғимараты әртүрлі жөндеу, қайта жаңғырту, қосымша құрылыстар салу жұмыстары жүргізіліп келген. Бірінші жөндеу жұмыстары 1973 жылы жүргізілген болатын, 1998 жылы ауладағы барлық құрылыс орны жаңа материалдар мен өрнектерді пайдалана отырып қайта жаңғыртылды. Ескі бөлмелері қайта жөнделіп, жаңа бөлмелер салынды, күн сайынғы тұрмыстық және діни дәстүрлерді орындау үшін қолайлы жағдай тудырылды. Мешітке кіре-беріс аумаққа қос минаретті қақпа орнатылған. Мешітке соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің басшылығымен жасалды.