«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Юнеско Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар / Ақтөбе қалашығы,VI-XIII ғасырлар

Ақтөбе қалашығы,VI-XIII ғасырлар

Баласағұн (Ақтөбе) қалашығы Жамбыл облысы Шу ауданы Ақтөбе ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде, Ақсу өзенінің қос жағалауында орналасқан.

Ұлы Жібек жолы бойында тұрған ірі қала қирандыларының қатарына көне Ақтөбе қаласы да кіреді. Алғаш рет Ақтөбе-Степнинское қалажұрты жөнінде 1894 ж. жарық көрген əдебиетте мəлімет берілген. Қала басында болған В.В.Бартольд былай дейді: «Ақсу мен Сукулук өз. сағасында аумақты жерді алып жатқан қирандылар туралы хабарды естігеннен кейін, мен Беловодское бекетінен (Ақсу) солға қарай бұрылып бет алдым. Бұл төңірек жағрафиялық жағынан аз зерттелген, дегенмен оған жақын жерде орыс ауылы (Степное) орналасқан. Бас штабтың жаңа картасында (тіпті қанағаттанарлықсыздай күйде) Қарабалты, Ақсу жəне Сукулук өзендерінің ағысы нүкте түрінде жəне онымен қоса қате көрсетілген; Қарабалты мен Сукулук негізінде суы мол Ақсу өзеніне, ал, ол болса Шу өзеніне келіп құяды. Сукулуктың Ақсуға құяр жерінен оңтүстікке қарай Ақ-тепе төбесі орын алған. Ол толығымен қыш кірпіштен қаланған, айналасында кірпіш бөліктері  шашырап жатыр».

Ескерткішті 1941 жылы Жамбыл археологиялық  экспедициясы Г.И.Пацевичтың жетекшілігімен ашты. Бұл кезеңдебарлау жұмыстары орындалып, Ақтөбе қалажұртын тек өлшеумен ғана шектелді. Қазба жұмыстары ол кезде жүргізілмеді.

1954 жылы қаланы Қырғыз КСР ҚКАЭ зерттеді. П.Н.Кожемяко бұл қорған қабырғалармен қоршалған ірі ортағасырлық қаланың орны екенін атап өтті. Оның қала бойынша құрастырған сұлбалық картасына бірнеше қатар болып орналасқан қорған қабырғалары түсірілген; құрылыстар шоғырланған ауданның шекарасы көрсетілген, салынған шурф орындары белгіленген. Бекініс орнында салынған үш қима да сұлбалық картада орын алған. Орындалған жұмыстардың нəтижесіне қарап П.Н.Кожемяко қабырғалардың алғашқы биіктігін 5-6 м. деп болжамдайды.

ҚазМУ У.Х.Шəлекенов бастамасымен археологиялық экспедициясы 1974 жылдан 1980 жылға дейін өзінің тұрақты қазба жұмыстарын жүргізеді. Ал, 1977 жылы ЖАЭ К.А.Ақышев бастаған археологиялық қазба жұмыстары Ақтөбе қалажұртының барлық бөліктерін қамтиды.

Цитадельдегі археологиялық қазба жұмыстары барысында  қалыңдығы 9 метрден асатын мəдени қабаттың үш хронологиялық кезеңге жататынын анықтады, яғни, VI ғ. – VIII ғ. 1-жарт., VIII ғ. 2-жартысы – X ғ., XI ғ.басы – XIII ғ.

 Қала ұзын дуалдармен қоршаған, екі Шахристаннан (1,2), цитадельден және қала төңірегі құрылыстарына тұрады. Шахристан-1 (380х250м) тік бұрыш үлгісіндей құрылым. Оның орта бөлігінде 100-110м шаршы тәрізді, биіктігі 10м. цитадель орналасқан. Шахристан-2 өлшемдері-(300х250м), биіктігі 3-6 м. Қала төңірегі ұзын дуалдармен қоршалған: бірінші дуалдың ұзындығы 17 шақырым, екіншісінікі - 25 шақырым. Екінші дуалға батыс және оңтүстік жағынан 4 жарты шеңбер дуалдар ұласады. Қазба жұмыстары қала қалдығының барлық бөліктерінде жүргізілді.

VII-XII ғғ. мерзімделінетін тұрғын-жайлар табылды.Тұрғын-жайлар (үй мен оның ауласы) қатары көрші қатардағы мекен-жайлардың артқы жағымен тиіп тұр. Телімдердің ауданы 0,25 га бастап 1-1,5 га дейін.

Көп жылдық ғылыми зерттеу жұмыстары барысында қазақстандық белгілі археологтар У.Х.Шалекенов пен М.Елеуовтың болжамдары бойынша қала ортағасырлық Баласағұн қаласымен теңдестіріледі. Баласағұн қаласы - ұзақ уақыт бойы Қараханидтер империясы батыс бөлігінің астанасы ретінде, Еуразия құрлығының аумағындағы аса ірі мәдени, ғылыми, рухани орталық болды. Қалада Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари т.б. көрнекті тұлғалар өмір сүріп, қызмет етті. Осы жерде Жүсіп Баласағұнидің «Құдатғу Білік» («Даналық сөзі») атты аса құнды еңбегі жазылды.

Баласағұн қаласы «Ұлы Жібек жолындағы» аса ірі мәдени, саяси және экономикалық орталығы болды. Аталған ескерткіште 1974 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақтөбе қалажұртында əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Археоло-гиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізіп келеді. Осы аралықта су құбыры жүргізілген шығыс моншасы мен алаңы бар сарай кешені, VI-XII ғғ. жататын рабад аумағы, VI-XII ғғ. төрткүл, бекініс құрылымдары, шарапханалар, шаруашылық құрылыстар, керамикалық ыдыстар мен қару қалдықтары табылған, қолөнер шеберханасы тәрізді көптеген нысандар ашылып, зерттелді. Археологтар 500 данадан астам мыс тиындар көмбесін тапты.