Бабаджа Хатун кесенесі, сәулетшісі белгісіз, XІ-XIІ ғасырлар
Айша бибі кесенесінің маңына орналасқан. Кесене өзінің композициясы мен құрылымы жағынан өте қарапайым да қатаң. Құрылыс күйдірілген кірпіштен салынған. Қабырғаларында сәндік безендірулер жоқ, бірақ сәулеттік құрылыстың жинақы әрі қарапайым ою-өрнектері үйлесім тапқан.
Кесененің көркемдік пен сымбаттылық беретін призмалық барабанға орналасқан 16 қырлы конус жабыны - Қазақстан күмбездерінің ішіндегі ең ерекшесі. Қасбетінде: «Бұл Бабаджа Хатун қабірі... Оны салушы» деген жазулар бөлігі сақталған. Шебердің аты-жөні сақталмаған.
Аңыз бойынша, кесене Айша арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған парыз адамы - Бабаджа Хатунның жер бесігі үстіне орнатылған.