«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Архитектуралық ескерткіштер

Архитектуралық ескерткіштер

Қазақстандағы үздік сәулет ескерткіштерінің дені - діни ғимараттар болып табылады. Біздің уақытқа дейін сақталып жеткен құрылыстардың ішінде аса қызықтыратыны - осылар.

ХІ-ХІІ ғасырлармен мерзімделетін сәулет өнерінің үздік нұсқасы Айша бибі кесенесі Тараз қаласынан 17 шақырым жерде Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Біздің ғажап өлкемізге аяқ басқан әрбір адам мұсылман әлемі құрмет тұтатын, «әулие орын» деп аталған ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесіне ат басын бұрмай өтпейді. Ғасырлар тереңінен біздің заманымызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен. Қаншама жылдар бойы археологтар, сәулетшілер, жаңғыртушы-реставраторлар кесенені қайта жаңғырту туралы пікірталас жүргізді. ХХІ ғасырдың басында ол уақытта келіп жетті. Бұл жұмысты Республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің Түркістан филиалындағы мамандары үш жыл ішінде, 2002-2005 жылдар аралығында аяқтап шықты. 2005 жылдың көктем айында кесене өзінің алғашқы қайталанбас көз қуантарлық ғажап келбетіне енді.

Кесене жобасы шаршы формалы бұрыштарында коллоналары бар құрылыс. Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге бай. Бұл орталық Азия мен Қазақстандағы өнбойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш.

Сондықтан да Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған мұражай іспетті. Қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы ваза түрінде жасалған. Бұрыш колонналары, жоғары қарай сүйірлене жасалған белдеушелері өсімдік гүлді оюлармен өрнектелген терракот қыш тақталардың 18-ші қаланымында (3,4м биікте) арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз...бұлттар...жер ғажайып...» деген тылсым сөздер  жазылған. Кесененің ішкі жағында жер бесік тұр.

Кесене құрылысына антисейсмикалық мақсатта арша ағашы пайдаланылған.

Жерленген адам туралы тек аңыздар ғана сақталған. Аңыздардың бірінде Тараз билеушісі Қараханға іңкәрлік сапары кезінде жылан шағып, қайтыс болған, Зеңгі баба мен Ануар бегімнің ару қызы Айша бибі туралы айтылады. Аңыз бойынша - Қарахан өзінің сүйіктісіне арнап керемет кесене салдырған. Ал, жастар болса Айша бибі кесенесіне мәңгілік махабаттың, таза сезімнің пәктіктің символына айналған киелі орын ретінде,  мінәжат  етіп  келіп-кетіп  жатады.