Шоқай Датқа кесенесі, сәулетшісі белгісіз, XVIII ғ.
Шоқай Датқа кесенесі Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының шығыс жақ шетінде ортағасырлық ескі зияратында орналасқан. Кесене Шу-Талас аймағындағы қалыптасқан монументалды қабірлеу құрылыстарына қатысты құрылыс.
Кесенені алғаш 1946 жылы археолог Г.И.Пацевич зерттеді. Кейін 1970-1980 жж. ҚазКСР Мәдениет Министрлігі және «Қазжобақайтаөңдеу» институтының мамандарымен зерттелді. 2000 жылы Тарихи және мәдени ескерткіштері жинағының экспедиция мамандары зерттеді. 2014 жылы «Археологиялық экспедиция» экспедициясының мамандарымен зерттелген.
Шоқай Датқаның өмірі мен қызметі қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ғана зерттеліп, жарық көре бастады. Шоқай Датқа белгілі тарихи тұлға. Ол қара қылды қақ жарған әділдігімен, ауыздыға сөз бермес шешендігімен кеңінен танылған, жастайынан ел басқару ісіне араласып, рулар мен тайпалар арасында ғана емес, көрші жатқан туыстас елдер арасында мәмілегерлігімен аты шыққан қайраткер.Қаратаудың теріскейіндегі қазақ елінің беделді, билікке араласа бастаған жас Шоқайға Қоқан билеушілерінің қалауы түсіп, оған хан сарайының лауазымды қызметі – «Датқа» атағын берген.
Қоқан хандығында қызметте жүріп Шоқай Датқа қазақ халқының дербес дамуын, тәуелсіздігін армандады және осы жолда күресті, өмірін арнады. Ол орыс халқымен экономикалық және әскери бірлікті жақтаған прогрессивті қайраткер болды. Оңтүстік қазақтарын Ресейге бірігуді жүзеге асырған тұлға да Шоқай Датқа. Бұл жөнінде нақты тарихи дерек бар. Полковник М.Г. Черняевтің өзінің басшылығына жолдаған хатында Қоқан хандығына да ықпалы зор, қазақтар арасында да зор беделге ие Шоқай Датқа Қарабекұлымен осындай келісім болғандығын жазады. Шоқай Датқаның орыстармен ынтымаққа баруын қатыгез Қоқан ханы кешірмейді. Кейбір деректер бойынша, Шоқай Датқа кезекті бір сапардан оралғанда қоқандықтардың үзеңгісіне у жаққанынан қайтыс болады.
Бірінші қалпына келтіру жұмыстары 1990 жылы жүргізілген болатын. Кесененің біртіндеп қираған қабырғалардың аяқталмай қалған жерлері қайта қалпына келтірілді. Кесене ірі, күйдірілген кірпішті бір камералы бетше босағалы – күмбезді көлемде, оңтүстік кіре беріс және оңтүстік батысқа қарай негізделініп салынған. Басты қасбеті терең емес П-тәріздес жақтаулармен жиектелген және бұрыштық мұнаралармен қосақтасып қапсырланған терең емес садақты қуыспен бөлінген. Қуыстың қасбет маңдайлық ернеу қабырғаларына биік арқалықты маңдайшалы есік ойығы, доға астының жоғарғы бөлігінде – кішкене терезелер орнатылған. Кесененің күмбезі дөңгелек барабанда көтеріліп, сыртынан көк, ақ, қызыл құймалармен зер тасталған.
Соңғы қайта қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы жүргізілді. Кесенені «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мамандарының күшімен толықтай қалпына келтірілді.