Халықаралық ғылыми конференция өтуде
2021 жылы 8 қазан күні өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы киелі де қасиетті жері, мәңгіліктің бейне нышаны саналатын Тараз жерінде Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, және Облыстық мәдениет басқармасының, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бірігуімен ұйымдастырылған, Түркия, АҚШ, Өзбекстан және Қырғызстан секілді алыс-жақын шет елдердің түрколог ғалымдары және қазақстандық тарихшы, филолог ғалымдар мен зерттеушілері, өлкетанушылардың қатысуымен «Тараз және Түркі өркениеті» Халықаралық ғылыми конференциясы өтілді. Конференция 2 бөлімнен, «Ұлы Талас құрылтайы: Алтын Орда», «Атлах шайқасы және жаңа өркениет», «Тараз және Түркі әлемі», «Мәңгілік ел идеясы және Түркі елдері» тақырыбындағы 4 секциядан тұрды. Конференция қонақтары мен қатысушылары бірінші кезекте , ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени корық-музейінің тарихи-мәдени жәдігерлерден жасақталған көрмесін тамашалады. Көрмені көру барысында келген қонақтардың басты назары ежелгі Тараз қалашығынан табылған «Зергер көмбесі» мен тиындар жиынтығы болды. Коференцияға қатысушылардың көрмеден алған әсерлері жоғары болғанын айтып өтті.
Конференцияны модератор Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы ашып, Жамбыл облысы әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлына сөз берді. Сапарбаев Бердібек Машбекұлы Тараздың өткені мен бүгіні туралы өз пікірін білдіріп, Халықаралық жиынға қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Мәдениет және спорт министірлігі, «Архив істері және құжаттаманы басқару» комитетінің төрағасы Қуат Бораш ежелгі Тараз қаласының тағдырына қысқаша тоқтала отырып, ҚР Мәдениет және спорт министірі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызының құттықтауын жеткізді.
Бірінші бөлім бойынша конференцияға қатысушы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, алаштанушы-ғалым Берік Әбдіғалиұлы «Тараз және Түркі әлемі» тақырыбында, Висконсин-Мэдисон және Назарбаев университеттерінің профессоры (АҚШ) Шәмилоғлы Юлай «VI-XIV ғасырлардағы Тараз және Орталық Азия; Бірінші пандемия мен Екінші пандемия әсері» тақырыбында, тарих ғылымдарының докторы, профессоры Мадияр Елеуұлы Елеуов «Ұлы Жібек жолы және ежелгі Тараз қаласы» тақырыбында өз баяндамаларын жеткізді.
Екінші бөлім бойынша конференцияға қатысушы тарих ғылымдарының докторы, профессор (Туркия) «Оңтүстік Қазақстанды мекендеген түркі тайпалары» тақырыбында, тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби Атындағы ҚазҰУ профессоры Кәрібаев Берекет Бақытжанұлы «Қазақ хандығы құрылған құт мекен» тақырыбында баяндамаларын жеткізді.
Аталған конференцияға қатысқан отандық және шетелдік ғалымдар осындай ғылыми кеңесті ұйымдастырып отырған облыс әкімдігіне алғыстарын білдіре отырып, Тараздың тас дәуіріндегі тарихынан бастап, ортағасырдағы кезеңіне дейінгі шаһардың мәдениеті мен әлемдік өркениеттегі алатын рөлі, маңызы туралы мәліметтерді өз баяндамаларына арқау етті.
Сондай-ақ ғалымдар еліміздегі туризм саласының ең қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірегейі Тараз қаласы екенін баса айтып, аймақ басшысына бірнеше ұсыныстарын айтып өтті.