«Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы рөлі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференциясы
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. 1983 жылы ЮНЕСКО жанынан құрылған Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекіткен және бұл күн 1984 жылдан бері атап өтілуде.
Айтулы күнге орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы рөлі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференциясын ұйымдастырды. Конференцияның негізгі мақсаты Шығыс пен Батыстың Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде бір-біріне ұқсамайтын мәдениеттердің өзара тоғысып, сабақтасып жатуына ыңғайлы жағдай туғызған, адамзаттың ыждаһаттылықпен қастерлеп, сақтаған құндылықтарын насихаттау болып табылады.
Аталған жиынға Түркия Республикасы ,Өзбекстан,Қырғыз мемлекеті,Ресей Федерациясының ғалымдары ,отандық тарихшы,ғалымдар,археологтар шақырылды. Конференция онлайн және оффлайн форматта өткізілді.
Халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәлары, ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері болып табылатын құнды жәдігерлерден жинақталған «Ұлы Жібек жолы мұралары» атты көрмеден конференция бастау алды.
Отырысты модератор «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Бықыбаев Нұрлан Дүйсеналыұлы ашып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің «Тарихи-мәдени мұра басқармасының» бас сарапшысы Джолаев Азамат Нұржауұлына сөз берілді. А.Нұржауұлы Халықаралық жиынға қатысушыларға сәттілік тілей отырып, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесі,орыны мен рөлі ерекше екенін атап өтті. Өз кезегінде музей-қорық директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Алимжанова Ғалия мекемемізге қарасты тарихи нысандарымыз туралы мағлұмат бере отырып, атқарылып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы айтып кетті.
Конференция барысында Оразымбетова Бахыт Камаловнаның « Шелк и специи Великого Шелкового пути в современном контексте» тақырыбындағы баяндамасы дәмдеуіштер қосылған арнайы шай рәсімімен бірге ерекше үйлесімділік тапты.
Конференция барысында қатысушылар Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштердің насихатталуы,ортағасырлық нумизматика,антропология мен археологиядағы жаңа ғылыми зерттеулер,көпжылдық қазба жұмыстарының нәтижелерінің мәселелері туралы сөз қозғады. Сонымен қатар Түркия Республикасы, Анкара университетінің « Тіл және тарих-география факультетінің» меңгеруші профессоры Абдулла Гүндогду Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағын «Түркі Жолы» деп атасақ деген ұсынысы қатысушыларға үлкен ой салды.
Жиын қатысушылары музей-қорығына алғыс білдіре отырып, мұндай бас қосулардың нәтижесі ғылыми жаңалықтардың бастамасы болатындығын айтып кетті.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні күні құтты болсын!
Туған жеріміздің рухани және құнды мұраларын көздің қарашығындай сақтау, жастардың Отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімін арттыру жолында ескерткіштер мен тарихи жәдігерлерді насихаттау музей қызметкерлерінің негізгі міндеті. Ескерткіштер – біздің елдігіміздің айнасы.