“Музейге сый тарту” акциясы
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына «Музейге сый тарту» акциясы бойынша қабылданған жәдігерлер. 2019-2020 жж.
1. 3.05.2019 ж. эксковаторшы О.Т. Шалбаев «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына Ташкент көшесінде, «Көне Тараз» археологиялық саябағының маңында жер жұмыстарын жүргізу барысында табылған археологиялық жәдігерлерді өткізді. Шалбаев 2 қыш құмырасы мен металл бұйымының бір бөлігін тапты. Құмыраның бірінің пішіні шар тәрізді, сыртында толқынды ою мен таға бейнеленген.
Екінші құмыраның пішіні алмұрт тәрізді болып келген, тар мойынды. Пішіні мен өрнегі, жасалу технологиясы бойынша құмыра Х-ХІІ ғғ. мерзімделеді.
Металдан жасалған түтіктің бөлігі (1/2) араб эпиграфикасымен, өсімдік өрнегімен және «қошқар мүйіз» оюымен өрнектелген.
Табылған жәдігерлер
Металл өрнегінің суреті
Металл бөлігінің тазаланған түрі
2. 14.06.2019 ж. Турксіб ауылының тұрғыны Әйгерім Бақбергенова «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына өз ауласында жер жұмыстарын жүргізу кезінде табылған археологиялық олжа – құмыраны тапсырды. Құмыра ассимитрикалық алмұрт пішінді, кең мойынды, аузы сыртқа қарай иілген. Қолмен жасалған, құм қоспалары бар. Күйесі біркелкі емес. Құмыра біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ-ІІ ғғ., Жамбыл облысының аумағында үйсін және қаңлы тайпаларының қоныстану кезеңіне жатады.
3. 19.07.2019 ж. Тараз қаласының тұрғыны А.Алимханов «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына өз бақшасында жер жұмыстарын жүргізу кезінде табылған (Хмелевский көшесі, 2 бұрылыс, 22 үй) археологиялық 4 қыш бұйымдарын тапсырды. Жәдігерлер ортағасырлық асханалық ыдыстар болып табылады: шәйнек, кесе, құмыра бөлігі, үш аяқты майшам. Артефактілер қарахан кезеңіне жатады. (Х-ХІ ғғ.).
4. 10.10.2019 ж. Тараз қаласының тұрғыны Шәкірбаев Ермахан Айтжанұлы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына өз бақшасында (Стариков көшесі, 60 үй) жұмыс істеп жүріп, тауып алған күміс монетасын тапсырды. Монетаны ғылым кандидаты нумизмат Петр Павел Николаевич зерттеді. Монета – дирхем. Аверс-Хайду ханның мөрі («f» белгісі), реверс - 1268 ж. Отырар қаласы.
5. 29.10.2019 ж. Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылының тұрғыны К.Тамбиева өз бақшасында жер жұмыстарын жүргізу кезінде тауып алған 2 қыш ыдысын (хұм) «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Хұмның бірі алмұрт пішінді, ернеуі сақталмаған. Екінші хұм шар пішінді, ернеуі сынған және жарықтар бар. Қыш ыдыстары Х-ХІІ ғғ. мерзімделеді.
6. 31.10.2019 ж. Тараз қаласының тұрғыны Л.А.Хапилина отбасында мұра ретінде сақталған мыс құмыра - кұмғанды «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Құмыра жақсы сақталған, дәнекерлеу арқылы қалпына келтірудің іздері бар. Құмыра XIX ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы, Әулие-Ата кезеңіне жатады.
7. 01.11.2019 ж. Жамбыл облысы Айша бибі ауылының тұрғыны К.Б.Жетпісбаев Айша бибі кесенесінің маңындағы арықты тазалау барысында табылған 6 өрнектелген қыш кірпіштерін «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Бұл артефактілер Айша бибі кесенесінің қабырғаларының кірпіші, XI-XII ғасырлардағы ортағасырлық кесененің бірегей құрылысына жатады.
Айша бибі кесенесі, ХІ-ХІІ ғғ. Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде, ертеден гүлденген сауда жолының бойында, жазба деректерден Х ғ-дан белгілі ортағасырлық Джувикат қаласының маңында орналасқан. Қасбеттердің сәндік дизайнының әсемдігімен, әртүрлі пішіндегі ою-өрнекті терракотты кірпіштерінің үздіксіз қаптамасымен ерекшеленеді. Қасбеттердің, қуыстардың, бағандардың барлық беттері 60-тан астам әртүрі пішін мен өрнектен тұратын терракотты кірпіштермен қапталған. Декоративті өрнектің негізіне геометриялық және өсімдік тектес өрнектер мотиві пайдаланылған.
8. 24.01.2020 ж. Тараз қаласының тұрғыны Рахимов Тахир Бексұлтанұлы өз бақшасында жер қазу жұмыстарын жүргізу барысында қыш құмырасын тауып алып, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Қыш құмыра алмұрт пішінді, аузы кең, ернеуі сыртқа қарай шығыңқы болып келген. Ернеуінде жарық бар, түбі сақталмаған. Құмыра ІХ-ХІ ғғ. мерзімделеді.
9. 12.05.2020 ж. Тараз қаласының тұрғыны Әділет Кесікбаев Төменгі Барысхан қалашығына жақын орналасқан өз учаскесінде жер жұмыстарын жүргізу барысында артефакті коллекциясын тауып, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Жиналған топтама шар тәрізді тас бұйымдарынан, металл бұйымдарының фрагменттерінен (жапсырмалар, тоғалар), екі мыс монетадан және «аң стилінде» жасалған тау ешкісі (таутеке) түріндегі қола мүсіннен тұрады. Бұл артефактілер Талас алқабының ерте ортағасырлардан бастап қоныстанғанын және жергілікті қолөнер өндірісінің дамығанын айғақтайды.
10. 28.05.2020 ж. Тараз қаласының тұрғыны Барбасынов Құндызалы Сапаралиұлы өз бақшасында (Смаилов көшесі, 6 үй) жер жұмыстарын жүргізу барысында тауып алған үлкен ыдыс – хұмды «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музей қорына тапсырды. Құмыра 1,5-2 м тереңдікте жатты, ішінде шіріген дәнді дақылдар (тары) табылды, беті тас плитамен жабылған. Құмыра – хұм Х-ХІ ғғ. мерзімделеді.