«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Тарихи-мәдени мұра / Тарихи ескерткіштер / Юнеско Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар / Құлан қалашығы,VI ғасыр - XIII ғасырдың басы

Құлан қалашығы,VI ғасыр - XIII ғасырдың басы

Құлан қалашығы Т.Рысқұлов  ауданы, Құлан  ауылының  маңында  орналасқан.Зерттеушілер Луговое қаласын бip ауыздан Жетісудың ортағасырлық белгілі қаласы Құланмен тепе-теңестіреді. Құлан қалашығы алғаш рет VІІ ғ. бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қытай тақуасы Сюань-Цзяньның жол бағдарламасында және Тан династия-сының тарихында қала Цзюй-Лань деген атпен аталып өткен. Ол туралы VIII–X ғ.ғ. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қалаларды сипаттаған араб авторлары да жазып кеткен. X ғ. араб географы ал-Макдиси былай деп жазған: «Құлан – бекіністі қала, онда соборлы мешіт (Медина) бар. Ол енді бос қалды, ол үлкен Тараз жолында». Географиялық сөздіктің авторы Якут, өзінің XIII ғ. 20-жылдарында құрастырылған еңбегінде Құлан туралы былай деп жазып қалдырған: « Құлан – түркі елінің Мəуераннахр жағындағы шекарасында орналасқан сүйкімді қала». Құланмен бірқатар тарихи оқиғалар байланысты. Мəселен, 740 ж. түргеш бегі Құрсұл батыс-түрік қағанатының ең соңғы қағаны Ашин Сыньды осы қалада өлтірсе, ал 840 ж. араб əскерлері Құланға дейін жеткен.

Қала территориясына жасалған алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1936 ж.Жетicy археологиялық экспедициясы А.Н. Бернштамның жетекшілігімен жүргізілді. Қазба жұмыстарының нəтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың Луговое төңірегінде б.з. бірінші ғасырларында пайда болғандығы анықталды. 1963-65 жж. Жетicy археологиялық экспедициясы Луговое отряды қаланың айналасындағы жеке тұрған төбешікке қазба жұмыстарын жүргізсе, 1987 ж. Қазақ КСР FA ТАЭИ-ның тарихи жəне мəдени ескерткіштер жинағы археологиялық  экспедициясы Луговое «А» қамалына қазба жұмыстарын жалғастырып, Луговой «В», «Г» қамалдарында  К.М. Байпаков қазба жұмыстарын  жүргізді.

Қаланың топографиясынан шахристан, ішкі қамал және шығыс жағынан бекініссіз рабаттың іздері аңғарылады. Қаланың орталық бөлігінің қирандылары ауылдан солтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Ішкі қамал қирандының солтүстік-батыс бұрышында. Осы күні ол биіктігі бірнеше метрге жуық   төртбұрышты, үстінде алаңы (40х40м) бар төбе тұрпатты. Ішкі қамалдың барлық бұрыштары мұнарамен көмкерілген. Қала сыртынан, тереңдігі 1 метрге жуық, ені 15 метрлік ормен қоршалған. Қалаға кіретін жер екеу. Олар оңтүстік және шығыс үйінді жолдардың қабырғасынан басталады.Археологиялық қазбалардың нəтижесінде Ортағасырлардың бас шенінде Орта Азия жəне Қазақстан ғимарат сарайларына тəн «айдарлы» жоспармен салынған орталық ғимарат ашылды. Сарайдың 7 бөлмесі болған.Сарай өмip cүpyiнiң бірінші кезеңіне жататын əшекейлі ыдыстардың көптігімен ерекшеленеді. Мұнда құмыра, тостаған жəне күл салғыштың қалдықтары сияқты асханалық ыдыстар кездеседі. Асханалық құмыраларқоспасыз иі қанған балшықтан арнайы ыдыс жасайтын шеңберде дайындалған.

Археологиялық ізденіс оны үш кезеңге бөледі. VІІ-VІІІ ғ.ғ., ІХ-Х ғ.ғ., ХІ-ХІІ ғ.ғ..

Археологиялық қазба барысында қамалдың орны табылған. Алынған мәліметтер бойынша ішкі қамалдың орнында VІІ-VІІІ ғасырларда, қабырғалары пахсадан қаланған ғимараттар болғандығын болжауға болады. Жаңа құрылыс кешені көне қаланың қалдықтары үстіне  тұрғызылған. Ойма өрнектермен әшекейленген көптеген  қыш қақпақтар мен дастархандар бұл қабатты ІХ-Х ғ.ғ. мерзімдеуге мүмкіндік береді. Табылған керамика сынықтары, құрылыс құралдары, қалашықтың ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүргендігін дәлелдейді.

2015-2017 жж. «Қазақ ғылыми - зерттеу мәдениет институтының» мамандарымен Құлан қалашығында  зерттеу жұмыстары цитадельдің солтүстік-батыс бөлігінде жалғастырылды. Қазба жұмыстары Серік Ақылбектің жетекшілігімен жасалды. Қазба жұмыстары барысында 2015 жылғы маусымда анықталған үшінші бөлмені толық ашудан басталды. Нәтижесінде VII-VIII ғасырларға жататын сарай бөлмелері ашылды. Қазбадан шыққан материалдар көрсеткендей бөлмелерді IX-X ғасырларда қарлұқтық кезеңде де пайдаланғандығы және бөлменің ішкі бөліктеріне жөндеу барысында өзгерістер жасалғаны анық көрінеді.

Сонымен қатар қазба барысында табылған қабырға бетіндегі жапсырма суреттерді сақтап қалу мақсатында академик К.Байпақов пен елімізге танымал рестовратор Қ.Алтынбеков бастаған мамандардың қатысуымен бірлескен жұмыстар бастады. Қабырғалардан табылған ою-өрнекті кескінді суреттерді уақытша табиғи жауын – шашынмен ылғалдан сақтау үшін арнайы шатырлар қойылды.