Қарақожа мешіті, сәулетшісі белгісіз, ХХ ғасырдың басы, 1909 жыл
Мешіт Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық ауылында, Сейілбек елді мекенінің аумағында орналасқан. Мешіт жергілікті тұрғындардың және ислам дінін насихаттаушы Қарақожа Ишанның қаржысына салынған.
Өмір жолын ислам дініне арнаған Қарақожа Ишан осы аумақтағы Қарақожа мешітінің жанында орналасқан ауыл шетіндегі қорымда жерленген. Қазіргі таңда, осы Қарақожадан тараған ұрпақтарының барлығы дін жолын ұстанған және Талас ауданының ауылдық мешіттерінде имамдық қызметтерін атқарып отыр. Мешіт ғимараты 1909 ж. салынған және ХІХ ғ.-дың аяғы мен ХХ ғ. басында салынған Шу-Талас аумағының монументалды құрылысының үлгісі. Мешіт толығымен күйдірілген кірпіштен салынған. Ғимарат күм-безді – галерея типті құрылыс тобына жатады. Тоғыз күмбезбен көмкерілген ескерткіштің оңтүстік-батыс құбыла жағындағы біреуі басқа-лардан тұрқы биік бас күмбез кенересімен мойындыққа табан тіреген. Мойындықтың шығыс жағында мешіт ішіне жарық түсетін терезе ойығы және мих раб қуыстары бар. Көпкүмбезді монументальді үлгідегі құрылысқа намаз оқитын залы мен айван кіріккен. Қасбеттері шектеулі түрде беттік кірпіштік қалаумен салынған. Қабырғаларында эпиграфиялық мәнер-қалыбында Аллаға сыйыну сентенциясы құрылыстың тұрғызылған күні, айы, жылы болып табылатын хижраның 1327 (1909) жылы өрнектелген.
Өкінішке орай Кеңес үкіметі тұсында жергілікті тұрғындар мешітті түрлі қоғамдық негізде пайдаланып келген.
Мешітті 1945 жылы археолог Г.П.Пацевич, 1945 жылы Г.Б. Ысқақов, 1949 жылы Л.И. Ремпель, 1979 жылы Т.Қ. Қуандықов, Ж.А. Шайкенов басқарған ғылыми-зерттеу экспедициялары , 1975-1980 жылдары «Қазжобажаңғырту» сәулетшілерімен зерттелген.
Бірінші қалпына келтіру жұмыстары 1984 жылы жүргізілді. Толық қайта жөндеу жұмыстары республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2007-2008 жылдар аралығында жөнделіп ел игілігіне қайта пайдалануға берілді. Қайта жұмыстарынан кейін мешіт Қазақстанның Діни Мұсылмандар басқармасына берілді.