Бөріқазған тұрағы, төменгі палеолит
Палеолит – ежелгі тас дәуірі. Адаммен оның шаруашылығы қалыптасуының бастапқы уақыты. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі де ұзақ даму жолынан өтті. Қазақстан аумағында алғашқы адамның іздері (800-140 мың жыл бұрын) ерте палеолитте ескерткіштердің орындары анықталған. Ең ежелгі ескерткіштер Қаратау жотасынан табылған. Мұндағы Тәңірқазған, Бөріқазған, Шабақты, Ақкөл, Шабақты, Қазанғап (Оңтүстік Қазақстан-Қаратау шатқалы) тұрақтарында табылған материалдар шелль-ашель дәуіріне жатады.
Ежелгі адамдардың Жамбыл жеріне қоныс аударуы үшін ең қолайлы жерлер Қаратау таулары болды, онда көптеген жабайы жануарлар сүйектері табылды,климаты ыстық және жері өсімдіктерге бай болды.Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы күрделі және ұзақ даму жолынан өтті. Ежелгі адамдар табиғат күштеріне қарсы тұру үшін, аң аулау оңайырақ болу үшін топтасып өмір сүрді.
Осындай тұрақтардың бірі Бөріқазған тұрағы Жамбыл облысы Талас ауданы Қызылəуіт ауылынан 10 км оңтүстік-шығыста, Бөріқазған жерінде орналасқан.
Тұрақты 1958 жылы археолог Х.А.Алпысбаев ашып, зерттеген. 2000 жылы ҚР ҒА Ə.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы К.М.Байпақов жетекшілігімен қайтадан зерттеген.
Зерттеу жұмыстары нәтижесінде тас бұйымдар (442 дана) куэсті биіктіктегі беттен табылған. Құралдарды жасаудағы негізгі шикізаттарды шомбал желвактар мен қара ұсақ түйіршікті кремний карбонды малта тастар құрайды.
Тас бұйымдардың көбірек топталған жерлеріне Х.Алпысбаевтың басқаруымен бірнеше шурф-тар салынған. Бөріқазғанның артефактары келесі түрлерге бөлінген: 1) екі жақты добал; өңделген шапқыш құралдар (32 дана); 2) табақша құрал-саймандар (3 дана); 3) қол шапқыштар (2 дана); 4) унифастар (3 дана); 5) жаңқалардан жасалған құралдар (23 дана); 6) жаңқалар (342 дана); 7) нуклевидті бұйымдар (8 дана) жəне өндіріс қалдықтары (27 дана). Скол техникасы мен типологиясы үлгісіндегі тас бұйымдар олдувай мəдениетінің құралдарымен ұқсас. Коллекциялар Алматы қаласында, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология Институтында Археология музейінде сақтаулы.