Экскурсия жүргізілді
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасынынң «Тараз-Туризм»туристтік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен Республикамыздың туристтік орталықтарының өкілдерінің қатысуымен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени корық-музейіне қарасты нысандарында экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында музей-қорығының қызметкерлері шаһардың шырайын кірігізіп, ажарын ашып тұрған ортағасырдың інжу-маржаны Айша Бибі, Бабаджа-Хатун кесенелерінің құрылу тарихы туралы халық аңыздарын баяндап,Қарахан (Әулие-Ата) және Дәуітбек (Шомансұр) кесенелерімен таныстыруды жалғастырды. Келесі кезекте қала қонақтарына «Көне Тараз» археологиялық паркінде ежелгі қала, үлкен руханият орталығы болған Тараз шаһарының тарихымен және археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бірегей құнды экспонаттарды көрсетіп, сипаттамларына тоқталып, таныстырды.
Содан кейін ортағасырлық қазыналы құпияны қойнауына жасырған жұмбак мекен, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Халықаралық маңызы бар «Ақыртас» археологиялық-сәулет кешенін тамашалауға келді. Музей қызметкерлері экскурсия барысында Ақыртаста табылған үш керуен-сарай, су құбыры, бақ-саябақ аймағына арналған орын, сигналдық мұнараның қалдықтары туралы тұтас кешенді зерттеудің қызықты тарихын айтып берді. Ежелгі Тараздың тарихы туралы қызықты және мазмұнды мәліметтерді тындаған туристтік орталық өкілдері қорық-музейінің қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.