Экскурсия өткізілді
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері»мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени мұраларымызды тамашалау үшін «Ақмола, Жамбыл облыстарының топонимдері» атты республикалық ғылыми-практикалық семинарының қатысушылары келді. Экскурсия барысында музей-қорығының қызметкерлері шаһардың шырайын кірігізіп, ажарын ашып тұрған ортағасырдың інжу-маржаны Айша Бибі, Бабаджа-Хатун кесенелерінің құрылу тарихы туралы халық аңыздарын баяндап, Қарахан (Әулие-Ата) және Дәуітбек (Шомансұр) кесенелерімен таныстыруды жалғастырды. Келесі кезекте қала қонақтарына «Көне Тараз» археологиялық паркінде ежелгі қала, үлкен руханият орталығы болған Тараз шаһарының тарихымен және археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған бірегей құнды экспонаттарды көрсетіп, сипаттамларына тоқталып, таныстырды. Содан кейін семинар қатысушылары ортағасырлық қазыналы құпияны қойнауына жасырған жұмбак мекен, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Халықаралық маңызы бар «Ақыртас» археологиялық-сәулет кешенін тамашалауға келді. Музей қызметкерлері экскурсия барысында Ақыртаста табылған үш керуен-сарай, су құбыры, бақ-саябақ аймағына арналған орын, сигналдық мұнараның қалдықтары туралы тұтас кешенді зерттеудің қызықты тарихын айтып берді. Ежелгі Тараздың тарихы туралы қызықты және мазмұнды мәліметтерді тындаған семинар қатысушылары қорық-музейінің қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.