Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында "Ежелгі Тараз ескерткіштері" РМҚК тарихи-мәдени музей - қорығы ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Тарихымызды жандандырған – Тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінде ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген Ж.Қ. Таймағанбетов, Ж.Е.Смаилов, М. Қожа, Ғ.Қ. Омаров, Е.Ш.Ақымбек, Л. С. Бейсембаева, А. Б. Абдуалы, Е. Серікбаев сияқты қазақстандық жетекші ғалымдар мен археологтар, реставраторлар қатысты. Сондай-ақ конференция қонақтары Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Н. Жүнісбай, Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Ж.А. Мұртаза қатысты. Сонымен қатар Отырар, Ботай, Әзірет Сұлтан және т.б музей-қорығының ғылыми қызметкерлері баяндамаларын оқыды. Тараз қаласының өңірлік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияға қатысушылар еліміз егемендік алғаннан бері елеулі ғылыми әлеует қаланғанын атап өтті. "Мәдени мұра" және "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде ғылыми экспедициялар, археологиялық зерттеулер және реставрациялау-консервациялау жұмыстары жүргізілді, олар отандық тарих ғылымын кеңейтіп, байыта түсті, музей қорларын бірегей артефактілермен толықтырды, туристік танымдық маршруттар ашты. Ежелгі Тараздың тарихын зерттеу және республикадағы ең ірі археологиялық "Көне Тараз" археологиялық паркінің ашылуы жарқын ғылыми мысал болды.
Конференция соңында өңірлік тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі нысандарды одан әрі ғылыми зерттеу, еліміздің мәдени мұрасын әлемдік кеңістікте дәріптеу бойынша ұсыныстар айтылды.