«Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерделеу, түсіндіру және сақтау мәселелері»
Бүгін "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Бықыбаев Нұрлан Дүйсеналіұлы бастаған музей қызметкерлері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи – мәдени және табиғи қорық- музейінің сапар орталығында "Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы: зерделеу, түсіндіру және сақтау мәселелері" атты халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциясына қатысты. Конференцияға Әзірбайжанның, Түркияның және Қазақстанның белгілі археолог ғалымдары қатысып, жартас өнерін сақтау мен консервациялау тақырыбындағы құнды пікірлерін ортаға салды.
Конференция барысында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, жалпы ұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі З. Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Ж.Таймағанбетов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, суретші-қалпына келтіруші, «Остров-Крым» ғылыми –зерттеу зертханасының басшысы Қ. Алтынбеков, Анкара қаласындағы Қажы Байрам Вели университеті, археология бөлімінің Рhd доценті Атакан Акчай, аталған университеттің түркі фольклоры бөлімінің Рhd доценті Еврим Олчер, Гобустан мемлекеттік тарихи - көркем қорық музейінің директоры Вугар Исаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент М.Ноғайбаева және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарих, археология және этнология факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы М.Елеуов баяндама жасады. Сонымен қатар, "Ежелгі Тараз ескерткіштері" тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Шаизхан Ұлжалғас Шаизханқызы "Тараздың тасындағы - тарих" атты баяндамасын оқыды. Баяндамада киелі Тараз жеріндегі петроглифтердің ерекшеліктеріне тоқтала келе, олардың тарихи тұрғыда айрықша орынын көрсете алды.
Конференцияның жалғасы "Таңбалы сапар орталығындағы" көрмені тамашалаумен жалғасты. Іс-шараға қатысқан музейдің жас мамандары атақты тарихшы, археолог мамандармен танысып, өздеріне көптеген пайдалы ақпараттар алды.