«Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан»-деп, тәуелсіз Қазақстанды айқындап өтті. Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының 30 жылдығын қарсы алып отыр. Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еліміздің ұлттық дәстүрі мен ұлттық мәдениетін дамытуға арналған «Ұлы Дала елі Тәуелсіздіктің 30 негізі» атты акциясыа ясында бүгін ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени корық-музейінің ұйымдастыруымен, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Туризм» мамандығының 4-курс білімгерлерінің қатысуымен Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Тәуелсіздікке 30 жыл» тақырыбында дөңгелек стол өтті. Дөңгелек столда «Тәуелсіз ел ұрпақтары», «Тәуелсіздік тірегі- қайсар рухы- қазақтың!», «Тәуелсіздік – аңсаған арман, қол жеткен мұрат», «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Жиын соңында қазақ халқының басынан өткерген тарихы, 1986 жылдың көтерілісі, тәуелсіздік жолындағы қилы кезеңдері қызу талқыға түсті.
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.