«Ботай» қорық-музейімен тәжірибе алмасу
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері ағымдағы жылдың 7-8 қазан күндері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мен «Ұлы даланың жеті қыры» іргелі мақалалар аясында «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейнің «Қазақстандағы музей ісі дамуының жаңа тенденциялары мен перспективалары және археологиялық зерттеулері» атты ғылыми-практикалық конференциясына қатысты. Конференция барысында қорық-музей қызметкерлері «Түркі әлемінің тұғыры-Тараз қаласы», «Тарих пен сырға толы-Айша», «Киелі жерге тағзым-ұрпаққа ұлағат Ақыртас құпиялы мекен» атты тақырыптарда баяндама жасады. Қазақ жеріндегі соның ішінде, тағылымды тарихы мен өрелі мәдениеті ерте кезеңдерден-ақ талайлардың таңдайын қақтырып, тамсандырған Жамбыл өңірінің тарихы конференция тыңдаушылары мен қатысушылары бей-жай қалдырмады. Қызығушылықтары мен таңданыстарын жеткізіп, өлкеміздің тарихын тамашалауға алдағы уақытта келетіндерін жеткізді. Конференция соңында қорық-музейіміздің қызметкерлеріне мекеме атынан алғыс хаттар табысталды.