«Тау хрусталі»
Ғалымдардың қалдырған жазба деректерінің дәлелі ретінде, қазіргі таңда Сіздерге ежелгі Тараз қалашығынан табылған қорымыздағы көптеген құнды жәдігерлерімізбен таныстырып келеміз. Бүгінгі тақырып: «Тау хрусталі» жәдігеріне айналмақ. Тараз (Талас) туралы ортағасырлық географ, тарихшы, саяхатшылардың бәрі дерлік жазады. Өйткені қаланың орналасқан жері Ұлы Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Қытайлық саяхатшы Сюань-Цзянь: «Таластың аумағы – 8-9 ли. Бұл арада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар әкеліп сатады», - деп жазды. Дәл осы жазбаға дәлел болатын археологиялық қазба жұмыстары кезінде қаланың Х – ХІІ ғғ. жататын қабаттары Тараздың мәдени-экономикалық дамуының жарқын дәлелі болар көптеген олжалар берді. Соның бірі - ежелгі Тараз қаласының «шахристан» аймағынан табылған «тау хрусталі».
Бұл жәдігер «будда мүсінінің бас бөлігіне» ұқсайды, түссіз, мөлдір. Елімізде тау хрусталі Сарыарқа тауларында жиі кездеседі. Дегенмен, бұл тау хрусталінен жасалған «будда мүсінінің бас бөлігіне ұқсайтын» жәдігер басқа мемлекеттен келуі де мүмкін. Ұсталар қатарында тұрған шеберлердің қолдарынан таң қаларлық дүниелердің шыққандығына осындай жәдігерлер айғақ. Ата-бабаларымыз мұраға қалдырған рухани байлық ғасырлардың терең қойнауынан түрлі бұйымдардағы қолтаңбалар, ою-өрнектер арқылы бізге жетіп отыр. Өткен күннің өрнектерін сондай-ақ халық жадынан, ғасырларды бір-бірімен жалғастырып жатқан жәдігерлерден көруге болады.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Оспанова Әлия Мұратқызы