«Жекпе – жек» кәсіпқой спорт клубы (Видео)
Қажымұқан Мұңайтпасұлы — Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тұтас ғұмырын күрес өнеріне арнап, ұланғайыр жері мен өршіл халқын бірінші болып өзге жұртқа паш еткен, өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген батыр.
Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Қажымұқанды «Ямагата Мухунури», «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдермен атайтын болған.
Биыл Қажымұқан бабамыздың туылғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қызметкерлері Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Жекпе – жек» кәсіпқой спорт клубына барып, Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі мен жетістіктері жайлы дәріс оқыды. Сонымен қатар, оқушылардың жаттығу жасау барысынан бейнетүсірілім жасалып, мекеме басшыларынан сұхбат алынды.