«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / Құдағи жүзік

Құдағи жүзік

Зергерлік бұйымдардың алуан түрі бар. Олардың дені – әйел әшекейі болып келеді. Бұл бұйымдар эстетикалық сұлулықты көрсетіп қана қоймай, салт-санаға, дәстүрге сәйкес бірқатар функциялық мән-мағынаны білдіріп тұрады. Сондай әшекейдің бірі – құдағи жүзік. Жұмсақ, қақтауға төзімді, оңай өңделетін металл – күмістен жасалған. Қос саусаққа бірдей киілетін үсті шаңырақ тәрізді жалпақ, беті көлемді, кейде күмбезді болып келеді. Жарқыраған ашық түсті күмбезге екі жерден шаңыраққа ұқсас өрнек немесе кей кезде үшбұрышты, дөңгелек секілді өрнектер салынған. Жүзіктің ортасындағы бөліп тұратын ұзын сопақша келген пішін – некені сақтап қалуда үлкен рөл атқаратын ұрпақ жалғастығы ырымына негізделген. Астында екі саусаққа қатар киілетін қос бауырдағы болады.Құдағи жүзіктер көбіне Қазақстанның батысы және оңтүстік-батысында жасалған. Құдағи жүзікті қыздың анасы құдағиына бір жылдан соң тарту ету үшін арнайы жасатқан. Бірақ барлық құдағиға бірдей мұндай дәстүрлі тарту жасалмаған. Құдағи жүзік – жаңа түскен келініне аналық мейірім шуағын төге білген парасатты құдағиларға ғана және құдандалы екі рудың бір-біріне ынтымағы үшін сыйға тартылатын дәстүрлі сыйлық.

Екі саусаққа кигізілуінің өзіндік себебі де бар: екі елдің баласы тіл табысып, бір шаңырақ көтеріп, бір отбасыға айналды дегенді білдіреді екен. Ірге көтерген шаңырақтың босағасы берік, ғұмыры ұзақ болуын қос құдағи осы жүзіктей берік ұстап, көңіліміз күмістей таза, жарқырап жүрсін деген ниетпен тағылған. Оң қолының ортаңғы екі саусағына кигізгенде, төрт саусақ сыртын түгел жуық жауып тұрады. Зергерлік бұйымдар көбінесе асыл тастармен безендірілетін болған. Қазақ оны «тас» немесе «көз» деп атайды. Мұндай салыстыру да кездейсоқ емес, орнатылған тас бәрін байқайтын, қорғайтын көз ретінде қабылданып, онда сыйқырлы күш бар деп саналған. Үлкен, тасбақа қабығына ұқсас жүзіктер ұзақ өмір символы деп қабылданған. Өйткені шығыста тасбақа ең ұзақ жасайтын жәндік деп есептелінеді.

Құдағи жүзік – адамдар арасындағы сыйластықтың, адамдарға көр-сетілген ілтипаттың, құрметтің белгісі. «Заманды өнер жасайды» дегенді жеткізген бабаларымыз өздерінің жүріп өткен жолдары мен көңіл толқыныстарын қолөнермен бірге өріп, жеткізіп отырған. Сыры мен сымбаты бөлек мейлінше қарапайым қолда-ныстағы қолөнер бұйымдары алдағы уақытта да ғасырдан ғасырға жалғасып, өнегелі ғұмырын ұзарта беретінінде сөз жоқ.