«Инновациялық мектепте педагогтардың ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру»
2021 жылдың 3 наурыз күні ҚР Мәдениет және спорт министірлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Тараз қалалық №6 орта мектебінде «Инновациялық мектепте педагогтардың ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік семинарға қатысты. Семинар барысында қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әлімжанова Ғалия Жапсарбайқызы екі мың жылдан астам тарихы бар, өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы киелі де қасиетті мекен, мәңгіліктің қаласы, үлкен руханият орталығы, әлемдік өркениеттен ойып орын алатын Ежелгі Тараз қалашығының тарихы және қорық-музейге қарасты 30 тарихи-мәдени нысандардың тарихына тоқталып, музей педагогикасын дамытудың тиімді жолындарын, ғылыми жобаны дайындаудың әдіс-тәсілдерін баяндады. Сонымен қатар «Ғылыми-қызмет және ескерткіштерді қорғау» бөлімінің ғылыми қызметкері Ұлжалғас Шаизханқызы ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру барысында музей сабақтарының рөлі мен маңызына тоқталып өтті. Семинар соңында ұйымдастырушылар өскелең ұрпақтың шығармашылық және ғылыми әлеуетін дамыту үшін білім беру және мәдени салалардағы одан әрі ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуға ниеттерін білдірді.