«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы

Басты бет / Жаңалықтар / Әулиебастау қалашығы мен бұлағы

Әулиебастау қалашығы мен бұлағы

04.11.2020 ж. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі «Балалар мен жасөспірімдер орталығымен» көпжылдық келісімшартпен жасасқан меморандум бойынша «Өз өлкеңді біл және сүй» үйірмесі аясында «Әулиебастау қалашығы мен бұлағы» атты тақырыбында үйірме сабағы өткізілді.Балалар қызығушылықтарын танытып, бар ынтасымен тыңдады.

Жамбыл облысының аумағында ежелгі қалашықтар өте көп кездеседі. Соның ішінде Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылы маңындағы Әулиебастау қалашығы мен бұлағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының өңірлік балама нұсқасына енгізілген. Нысан тарихы ерте ислам дәуірінен басталады.

Біз сөз етіп отырған Әулиебастау қалашығы мен бұлағы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан 13 шақырым қашықтықта орналасқан. Қалашық тарихы шамамен VІ-ХІІІ ғасырларға жатады. Бұл қалашыққа ғалымдар ХІХ ғасырдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ескерткішті алғаш болып зерттеушілердің бірі Орта Азияға іс-сапармен келген В.В. Бартольд болып табылады. 1939 жылы КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесі мен ММТИ-дің экспедициясы, 1978 ж. Жамбыл обл. тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеген. Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалаларының бірі болғандығын айғақтайды. Бұл қалашықта алғашында Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалалардың бірі ретінде негізі қаланды. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз тарихында талай оқиғаларды өткізіп, бірде құлдырап, енді бірде дамудың даңғылына түскен. Негізінен Әулиебастау қалашығы тарихқа Түркі тайпалары құрған мемлекеттердің шаһары ретінде енді.

Қаланың қазіргі орны қирандылардың батыс және шығыс бөліктерінен тұрады. Батыс бөлігі 85х87 м, шығысы 100х130 м биіктігі 9 м болатын үйінді алаң түрінде сақталған. Қалашықтың үстінен және төбелердің айналасынан сырланбаған хум, құмыра тәрізді қыш ыдыстардың сынықтары кездеседі. Әулебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік те пайда болған көрінеді. Оның суындағы бір ерекшелігі жыл он екі ай тұрақты температурада ғана ағып тұруында. Сондай-ақ бұлақ суының химиялық құрамы минералдар мен микроэлементтерге бай. Әрі көптеген ауруларға шипа. Бір қызығы бұл әулиенің суына күміс бұйымдарымен шомылса біраз уақыттан кейін сол күміс бұйымдар жалтырап тазарып шығады екен. Сондықтан бұлақ жергілікті халық арасында «Әулиебастау» деп аталып кеткен.

Бас қор сақтаушы м.а. – А. Оспанова