ТАРИХ ЖӘНЕ ТУРИСТ: «Жібек жолы» пойызы Таразда
«Жібек жолы» туристік пойызы киелі өңір – Тараз қаласына аялдады. Келген қонақтар 2000 жылдан аса тарихы бар көне шаһардың тіршілігімен танысып, тарихи-мәдени ғимараттар мен кесенелер басында болды.
Нақтырақ айтсақ, туристер Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» мекемесіне қарасты Айша бибі, Қарахан баба, Дәуітбек және Бабаджа хатун кесенесін, сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи- мәдени кешенін көзбен көрді. Әр нысанның өз дәуіріндегі тарихын тыңдап, ерекше мағлұматтарды естіді. Ал қонақтарды тарихи орындармен таныстыруды ұжым экскурсоводтары Фариза Жұмағұлова, Нәзира Қарақұлова, Еркен Баймұрза, Гүлмарал Қамбар және Ақгүл Алтынбекова жүргізді.
Келушілерді таңқалдырғаны – «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына» қарасты тарихи орындардың тазалығы. Екіншіден, көнеден келе жатқан бай мұраның қала маңында топтаса орналасып, небір ғажайып аңыз-әңгімеге арқау болуы оларды керемет әсерге бөлегендей. Сондай-ақ туристер әріптестеріміздің көрсеткен қызметіне де риза болып, алғысын жаудырды.
Айта кетейік, «Жібек жолы» пойызы «Алматы – Түркістан – Ташкент –Самарқан – Тараз – Алматы» бағытындағы халықаралық тур ұзақтығы 5 күнді құрайды. Көрші Өзбекстанмен қатар, қазақ даласындағы тарихи жәдігерлерді де таныстыруды мұрат тұтқан туристік жобаның маңызы да ерекше екенін баса айтуымыз керек. Сапар барысында туристер барған мекенжайының әсем жерлері мен көрікті табиғатымен қатар, көне тарихмен ұштасқан киелі орындарын да аралап жүр.
26 Наурыз 2025
499
16 Қараша 2019