Айша Бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушыларына «Тараздың көне тарихы» 09.12.2024
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Айша Бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушыларына «Тараздың көне тарихы» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтады. Ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын музей-қорық мамандары Ұлбосын Хамитқызы және Назира Бахытқызы айтып түсіндірді.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорыққа қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, оқушылар назарына археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер ұсынылды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды. Іс-шара соңында мектеп ұстаздары мен оқушылары музей-қорық қызметкерлеріне алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.