№ 3 мектеп-лицейінің оқушыларына «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме
2023 жылдың 7 қараша күні «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қалалық № 3 мектеп-лицейінің оқушыларына «Бабадан қалған қолтаңба» тақырыбында жылжымалы көрме жасақтап, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тақырыбында танымдық дәріс оқыды. Танымдық дәрістің мақсатын және ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын ғылыми қызмет бөлімінің мамандары Мадина Мананбайқызы мен Гүлмарал Үшкемпірқызы айтып түсіндірді.
Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, дәріс барысында оқушыларға «Көне Тараз» ашық аспан астындағы саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды жәдігерлердің тарихымен таныстырды. Жылжымалы көрмеге Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сұйықтық сақтауға арналған сынапкөзелер, қоладан құйылған шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар, тиындар жиынтығы және сиясауыт сынды көптеген жәдігерлер қойылды. Аталмыш жиын соңында мектеп ұстаздары «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымына өз алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.