«ALEM» кәсіби білім беру колледжінде «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында 2 курс студенттеріне танымдық дәріс
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан «ALEM» кәсіби білім беру колледжінде «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында 2 курс студенттеріне танымдық дәріс оқыды.
Дәріс барысында ғылыми бөлім қызметкері Мадина Мананбайқызы студенттерге музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті.
Тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкері Гүлмарал Үшкемпірқызы 2011–2017 жылдар аралығында мекемеге қарасты нысанның бірі – «Көне Тараз» аспан асты саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды әрі бірегей жәдігерлердің тарихын баяндады. Атап айтсақ, әр кезеңге жататын мәдени қабаттан табылаған қыш бұйымдары мен металдан жасалған бұйымдардың мерзімін, жасалу техникасы мен пайдалану мақсаттарын түсіндірді.
Археологиялық зерттеу жұмыстары көне қаламыз Тараздың осыдан екі мың жыл бұрын ірі мәдениет ошақтарының бірі болғандығын айғақтайды. Жылжымалы көрменің жасақталуы мен дәріс оқудың басты мақсаты – ата-бабамыздан мирас болып қалған сан ғасырлық тарихты өскелең ұрпаққа насихаттап, дәріптеу болып табылады.