«Парасат» колледжінде «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында 1 курс студенттеріне танымдық дәріс
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Ежелгі Тараз Ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Тараз қаласында орналасқан «Парасат» колледжінде «Тарих төріндегі Тараз» тақырыбында 1 курс студенттеріне танымдық дәріс оқыды.
Танымдық дәрістің мақсатын және ескерткіштердің құндылығын әрі мән-мағынасын ғылыми қызмет бөлімінің мамандары Мадина Мананбайқызы мен Гүлмарал Үшкемпірқызы айтып түсіндірді. Ең алдымен көне дәуірлердің естелігі, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының тарихына тоқталып өтті. Содан соң музей-қорығына қарасты Республикалық маңызы бар 30 тарихи-мәдени ескерткіштерінің қайталанбас тарихымен, кесенелерге қатысты әртүрлі аңыз, әңгімелермен таныстырды. Сондай-ақ, дәріс барысында студенттерге «Көне Тараз» ашық аспан астындағы саябағында жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде табылған қала орны мен құнды жәдігерлердің тарихымен таныстырды.