I Жазғы мектебінің ашылуы
Ағымдағы жылдың 22–23 тамыз күндері Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен«Ұлы Дала елі» орталығында музей мамандарының I Жазғы мектебінің ашылуы өтті.
Жазғы мектептің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Музейлер басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова мен Түркістан облыстық Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Министрлік өкілі Гүлзейнеп Анафияқызы арнайы баяндама дайындап, министрлік тарапынан қабылданған нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіріп, музей мамандарының сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлмира Шалабаева «Мыңжылдықтар тоғысындағы музей», ҚР Орталық музейінің директоры Рашида Харипова «Біздің команда: проблеманы еңсеру арқылы жетістіктерге жету жолдары», ҚР Ұлттық музейінің бас қор сақтаушысы Бәтеш Ақпасова «Біз білуге тиісті 10 қағида: Музейдің қор сақтау қызметін қалай ұйымдастырамыз?», Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Алмас Жүнісбай «Ғылыми жоба: идеядан іске асыруға дейін», «Болашақ» бағдарламасының түлегі Еділ Оспанов «Академиялық жазылым» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізді.
Аталмыш жазғы мектепке Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Сара Құрманова мен Айдана Жанбосынова қатысты. Жазғы мектептің екінші күні соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық I Жазғы мектептің басты мақсаты – музей мамандары үшін жаңа әдістемелік алаң қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, кәсіби байланыс орнату және идеяларды кәсіби мамандармен бірге талқылауға мүмкіндіктер жасау.