«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мониторинг жұмыстары
Ағымдағы жылдың 8 тамызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері Жамбыл облысында орналасқан Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-жапсарын білу мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізді. Аталмыш мониторинг жұмыстары Шу ауданындағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақтөбе (Баласағұн) қалашығынан бастау алып, Меркі, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтарының қазіргі таңдағы жағдайына бақылау жүргізумен жалғасты. Сондай-ақ, кәсіпорын қызметкерлері жергілікті қорғау инспекторларымен кездесіп, ескерткіштерді сақтау, қалпына келтіру және ғылыми зерттеудің өзекті мәселелері, тарихи-мәдени нысандардың жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нақты тапсырмалар берілді.