«ABAY» бастауыш мектеп-гимназиясының оқушыларына экскурсия
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «ABAY» бастауыш мектеп-гимназиясының оқушыларына Тараз қаласының дәл орталығында орналасқан киелі де сәулетті ескерткіштердің бірі – Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне экскурсия жүргізілді. Сонымен қатар, оқушылар кесененің қосымша худжра бөлмелерінде қазба жұмыстары барысында ежелгі Тараз қалашығынан табылған жәдігерлерден құралған экзпозицияны тамашалады. Атап айтсақ: Қарахан мемлекеті тұсында жасалған қыш ыдыстар, құмыра, қазандар, сынапкөзелер, шырағдандар, су құбырлары, жасыл, ақ, қоңыр түсті табақшалар. Содан соң рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ортағасырлық қала орнын таныстырып, қалашық тарихына саяхат жасалды.
Үйірме барысында оқушылар тарихи-мәдени мұраларымызбен, ежелгі қаланың архитектуралық құрылысымен, үлкен руханият орталығы болған, екі мың жылдан астам тарихы бар, ірі мәдениет ошақтарының бірі болған Тараз шаһарының тарихымен танысты. Мұндай танымдық бағдарламаны ұйымдастыруда көзделген басты мақсат – оқушылардың танымын жетілдіре отырып, еліміздің өткен тарихын, мәдени құндылықтарын бағалай білуді және құрметтеуді үйрету.