Георгиос Георгиопулос бастаған грек делегациясы
Ағымдағы жылдың 26-28 маусым күндері Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулос бастаған грек делегациясы Тараз қаласына келді. Аталмыш іс-шараға Тараз қаласы әкімі Бақытжан Әмірбекұлы қатысты. Грек делегациясына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының еншісіндегі Қарахан, Дәуітбек кесенелеріне және «Көне Тараз» археологиялық саябағына экскурсия жүргізілді. Ең алдымен шетелдік қонақтар рухани құндылықтардың ордасы болған «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық саябағын тамашалаудан бастады. Содан соң тұла бойы тарихқа толы Тараз қаласының орталығында орналасқан киелі де сәулетті ескерткіштердің бірі – Қарахан және Дәуітбек кесенелеріне экскурсия жүргізілді.
Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулос бастаған грек делегациясына екі мың жылдан астам тарихы бар, өткен мен бүгінгі күннің арасын жалғастырушы киелі де қасиетті мекен, мәңгіліктің қаласы, үлкен руханият орталығы, әлемдік өркениеттен ойып орын алатын ежелгі Тараз қаласының тарихы айтылды. Шетелден келген қонақтар экскурсия кезінде ерекше қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, жауабын ала алды.